386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР СІМ бүкіл Сирияда соғысты тоқтату туралы БҰҰ ҚК-нің резолюциясын қолдайды

  • 632
  • UPD: 23:39, 25.02.2018

Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтіп, Сирия аумағында әскери әрекеттерді тоқтату туралы жоба қаралды.

Осы құжаттың дайындалуына атсалысқан Қазақстан да қолдап, дауыс берді. Резолюция мәтінінде еліміздің мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту және тұтқынға алынған балалар мен әйелдерді босату бастамалары көтерілген. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер Сирия дағдарысына қатысы бар тараптардан әскери қимылдарын кем дегенде 30 күнге тоқтата тұруды талап етіп отыр. Резолюция зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жеткізіп, оларды майдан алаңынан алып шығуға мүмкіндік береді. Бұл құжатты Кеңеске мүше 15 ел қолдады. Алайда атысты тоқтату тәртібі «Ирак және Левант», Аль-Каида, Джебхат-ан-Нусра сияқты лаңкестік топтарға қарсы жүргізіле бермек.

АҚШ-тағы арнаулы тілшіміз хабарлағандай, отандық делегаттар Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция арасындағы текетірестің жойылуын қолдайтын тараптарды қарар ережесін бұзбауға шақырды. Астана процесіне кепіл мемлекеттердің сыртқы істер министрлері алдағы уақытта елордада өтетін кезекті келіссөздерде резолюция бойынша қосымша шешімдердің қабылданатынына сенім білдірді. 

Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі: 

- Қазақстан делегациясы Сириядағы әскери операцияларды тоқтату туралы қарарды қолдап, дауыс берді. Еліміздің ұстанымы дәйекті. Өйткені Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа қол жеткізу үшін зорлық-зомбылықтың алдын алып, жаңа кикілжіңдерді болдырмау жолдарын қарастыру керек.

Хабар 24 телеарнасы