384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан мен Ұлыбритания озық технологияларды пайдалану бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатпақ

  • 824
  • UPD: 12:24, 06.03.2018

Қазақстан мен Ұлыбритания цифрландыру, «Ақылды қала – smart city» жүйесін құру және дамыту, сондай-ақ қаланы жоспарлау және құрылыс жүргізуде озық технологиялар пайдалану бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатпақ.

Қазақстандық делегация Біріккен Корольдіктің ең ірі ғылыми және өндірістік қалаларының бірі Бирмингемде болған еді.

Бирмингем – Англияның орталық бөлігінде орналасқан қала. Бұл мегаполис көлемі және халқының саны бойынша Лондоннан кейін екінші орында тұр. Шаһарда тарихи көрнекі орындар әсіресе индустриалдық революция дәуірінен қалған ғимараттар өте көп. Бирмингем қазір де ірі индустриалды орталық болып есептеледі. Тамақ, металлургия, машина жасау өнеркәсібі ерекше дамыған. Осы қаланың индустриалдық тәжірибесі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысовтың Бирмингем қалалық кеңесі басшысының орынбасары Тони Кеннедимен болған кездесуде әңгіме өзегіне айналды.

Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі:

– Біздің бұл миссиямыз бизнеске байланысты. Біз қоян-қолтық жұмыс істеуге жағдай жасайтын мүмкіндіктерге жол ашқымыз келеді. Бирмингем – жаңа идеялар, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар орталығы. Және мұндағы тәжірибе біз үшін аса маңызды.

Ерлан Ыдырысов мұнда елде жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси жаңғыру барысы туралы айтып, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен таныстырды және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы жайлы хабардар етті. Бирмингем басшылығы өз кезегінде бірігіп жұмыс істеуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Тони Кеннеди, Бирмингем қалалық кеңесі басшысының орынбасары:

– Біз экономикалық әріптестік орнатқымыз келеді және сол үшін осы міндеттемелерді қолға алып отырмыз. Сондай-ақ бизнес, білім беру және өзге де салалар бойынша көмектесуге дайынбыз. Қазір біз төртінші өнеркәсіптік революцияны бастан кешіріп жатырмыз және болашақ істерімізді де сіздермен бірге жалғастырғымыз келеді.

Афзал Амин, инвестиция және сауда жөніндегі Қазақстан-Британ кеңесінің директоры:

– Әсіресе үш басымдық бойынша Қазақстан үкіметімен әріптестік қарым-қатынас орнатылатын болады. Олар: мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласы және тау-кен өндірісі. Мұның үшеуі бойынша да Бирмингемнің тәжірибесі мол және әріптестікке әзір.

Сонымен қатар қалалық халықаралық сауда және сауда палатасы департаменті басшылығымен кездесу өтіп, Қазақстан үшін Британия инвестициясының көлемін ұлғайту жайы қаралды. Бұдан бөлек «Shakespeare Martineau» және «Innovation Birmingham» ғылыми-инновациялық орталығы компаниялары басшыларымен бас қосуда «Цифрлық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрландыру саласы бойынша әріптестік орнату мәселесі де талқыланды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы