384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мақұлданды

  • 664
  • UPD: 17:40, 18.04.2018

Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Заңнамаға енгізілген түзетулер Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Қосымша қаражат жол құрылысына, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінеді. Сонымен қатар жаңартылған білім мазмұны бойынша бастауыш, негізгі және жалпы білім берудің бағдарламаларын іске асыратын мектептердің мұғалімдеріне және ұлттық біліктілік тестінен өткен оқытушыларға қосымша ақы төлеуге де қаржы қарастырылып отыр. Ауылшаруашылығы мен аграрлық ғылымды дамытуға, су ресурстарын тиімді басқару, сондай-ақ шағын бизнесті несиелендіруді қолдау үшін қосымша қаржы көзделген. Осы орайда депутаттар салық түсіміне қатысты өз пікірлерін білдірді.

Қожахан Жабағиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Мемлекет басшысының 5 бастамасының бірі 60 мың 125 теңгеден аспайтын мөлшерде жалақы алатын азаматтар үшін салықтық жүктемені 10 есеге азайту біз бұл бастаманы келесі жылдан басталатынын түсінеміз. Дегенменен жеке табыс салығы жергілікті бюджетке түседі. Бұл мәселе барлық өңірлерге қатысы бар. Бастама жүзеге асқанда жергілікті түсімдердің белгілі бір сомасы толық ала алмайды. Осы орайда жергілікті бюджет шығындары республикалық бюджеттен өтеле ме?

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Біз барлық өңірлермен есептедік. Жергілікті бюджеттердің кірістері шамамен 3 жылдың ішінде 90 млрд теңгеге төмендейтін болады. Келесі үш жылдық бюджет жобасын әзірлеген кезде бұл өтеуді нысаналы трансферт ретінде қарастыратын боламыз.

Атап өткеніміздей, республикалық бюджетке енгізілген толықтырулар бірінші кезекте Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыруды көздейді. Бұл – кезек күттірмес мәселе. Оны халық күтіп отыр. «Енді осы мақсат-міндеттер жергілікті жерлерде тиісті деңгейде орындалуы тиіс», – дейді депутаттар.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Халық Президенттің бес әлеуметтік жобасын толық қолдап отыр. Оның жүзеге асатынына барлығы сенімді. Өйткені бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс жағдайын жақсартуға, жастарды қолдауға, жастарды дамытуға бағытталған. Сондықтан да бүгін қарасытырып отырған республикалық бюджетті нақтылау Президенттің әлеуметтік бастамасы мен Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауын жүзеге асыруды көздейді. Бірқатар мәселе шешімін тапты. Жақсы жүйе қалыптасты. Енді осыны өзгертпей жұмысты одан ары жақсарта беруіміз қажет.

Хабар 24 телеарнасы