386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін саммитке дайындық пысықталды

  • 424
  • UPD: 14:01, 24.04.2018

Бүгін Қытай астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті.

Кезекті кеңесте алдағы маусымда Қытайдың Циндао қаласында ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін саммитке дайындық барысы пысықталды. Жиынға осы елде ресми сапармен жүрген министр Қайрат Әбдіраxманов қатысты. Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Пәкістан, Үндістан және Қытай мемлекеттерінің министрлері де бар. Әріптестер Циндао саммитінің қарауына ұсынылатын құжаттарды елеп-екшеді. Кеңес отырысына Қытай тарабы 20 жоба ұсынды. Олардың қатарында өзара іс-қимылдың бірлескен амалдары көрсетілген Циндао декларациясы да бар. Жиында 2018-2022 жылдарға арналған тату көршілік пен әріптестік жөніндегі ұзақмерзімді келісімшарттың қағидаларын жүзеге асыру жайы да сөз болды. Сондай-ақ «Шанхай сегіздігінің» сыртқы істер министрлері Сирия, Ауғанстан, Корей түбегіндегі түйткілдерді де талқыға салды. Иран ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен әрекет жоспарын орындау мәселесі де қаралды. Министрлер бұған қоса терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресудегі әріптестіктік бағдарламасын жасап, есірткіге қарсы стратегияның жүзеге асырылуын пысықтады.

Хабар 24 телеарнасы