386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде бет-әлпетті тұмшалайтын киім-кешек кигендер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін

  • 503
  • UPD: 15:52, 16.05.2018

Елімізде бет-әлпетті тұмшалайтын киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салынуы мүмкін.

Ал талапты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдарға жататындығын аңғартатын сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда пайдаланғандар мен таратушыларға да жаза қолданылады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі заңнамаға осы сынды бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. Мәселен, 16 жасқа толмағандардың ата-анасының бірі қарсылық білдірген кезде діни жораларға және рәсімдерге қатысуына тыйым салынады. Ал егер рұқсат берсе, онда ата-анасымен бірге еріп баруы тиіс. Заң бұзған жағдайда діни бірлестік басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ некені қию немесе тоқтату бойынша діни рәсімдерді діни бірлестіктердің ғибадат ғимараттарында ғана өткізу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек діни бірлестіктер жыл сайын барлық кіріс көздері мен көлемі жөніндегі есепті Ақпарат құралдарында жариялауға міндеттелмек. Жаңашылдықтарға толы құжатты Мәжіліс депутаттары талқылай келе, бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ Мәжілісте мүгедектерді күтім жасайтындарға жаңа жәрдемақы тағайындау мәселесі қаралды. Яғни биыл 1 шілдеден бастап кәмелеттік жастан асқан I топтағы мүгедектерді қараушыларға ай сайын шамамен 30 мың теңге төлеу көзделіп отыр. Атаулы көмекті еліміз бойынша 14 мыңға жуық отбасы алатын болады. Ол үшін бюджеттен 2,7 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек жалпы отырыста дәрі-дәрмектің шекті бағасын реттеуге бағытталған заң жобасы да қаралды. Денсаулық сақтау министрі көтерме бағада сатылатын дәрі-дәрмектің үстіне қосылатын үстемақы көлемін ең көп дегенде 40 пайызға, бөлшек саудада 50 пайыздан асырмауды ұсынып отыр. Ал қымбат дәрілерге 10 пайыз үстемақы қосылады. Бұл шектеулер келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді. Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Елбасының тапсырмасына сай, барлық дәрі-дәрмек бағасын заң жүзінде реттеудің қажеттігіне назар аударды.

Елжан Біртанов ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Әр азамат дәріханаға барғанда сол ақпаратты алып, интернет арқылы біздің Денсаулық сақтау министрлігінің, Үкіметтің сайтынан қарастырып, сатып алуға болады. Оның бағасы асып кетсе, ол арнайы біздің фармация комитетінің жергілікті департаменті ақпарат берсе, біз сондай мәселелерді зерттеп, жаңа айтып жатқан әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Хабар 24 телеарнасы