378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрлан Нығматулин ресми сапармен Ресей Федерациясына барды

  • 599
  • UPD: 21:54, 22.05.2018

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ресми сапармен Ресей Федерациясына барды.

Төменгі палата спикерінің бұл сапары екі елдің парламенттері үшін мерейтойлық маңызды шараларға толы болды. Әуелі Нұрлан Нығматулин өзінің әріптесі, Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті, сосын Мәжіліс пен Мемлекеттік думаның серіктестігі жөніндегі парламентаралық комиссияның Х отырысына қатысып, «Қазақстан мен Ресей: ғасырларға жалғасқан достық» атты көрменің ашылуына қатысты.

Қазақстан мен Ресейдің парламентарилері жиі жүздесіп тұрады. Алаң алмасып тұрғанмен, айтылатын әңгіменің ауаны ортақ. Олар – екіжақты байланыстарды бекемдей түсу, қос елдің президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қолдау. Мәжіліс пен Думаның төрағалары екіжақты кездесу барысында парламентаралық диалогтың өрісін кеңейте түсуге уағдаласты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Біздің мемлекеттердің басшылары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путиннің өте жоғары деңгейдегі сенімі туралы айта отырып, Қазақстан мен Ресей бүгінде ең жақын, өте бауырлас елдер ретінде мемлекетаралық қатынастың үлгісін көрсетіп отыр. Ол – біздің бүгінгі және болашақ жетістігіміздің кепілі.

Вячеслав Володин, РФ Думасының төрағасы:

– Біздің мемлекеттердің басшылары үнемі кездесіп, шешімдер қабылдайды, яғни біздің парламенттер үшін мемлекеттер басшылары қабылдаған шешімдерді заңнамалық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету маңызды.

Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Біріншіден, ғасырларға созылған ортақ тарихты ешкім жоққа шығара алмайды, екіншіден, көршіміз, 7 мың шақырымдық шекараны да сызып тастай алмайсың. Ал ең бастысы Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық байланыс қос елдің көшбасшылары арасындағы саяси сенім мен дәстүрлі достыққа негізделген. Күні кеше ғана Сочиде өткен Жоғары экономикалық Еуразиялық кеңестің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Қара теңіз бен Каспийді жалғайтын кеме арнасын салуды, сондай-ақ жоғарыжылдамдықты «Еуразия» магистралін салуды ұсынды.

Леонид Калашников, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

– Назарбаев секілді адам жобаларға қажеттілік пен жарамдылық тұрғысынан қарайды, екінші жағынан, шынымен геосаяси тұрғыдан ойлайтын адам. Ол бұл жобаның мерзімі ұзақ екенін, ондаған емес, жүздеген жыл теңізді де, мемлекеттерді де байланыстыратынын жақсы түсінеді. Осындай геосаяси көрегендікпен басталған іс жуық арада жүзеге асса, тамаша болар еді.

Қазақ-орыс қатынасын тереңдету жайы Мәжіліс пен Мемлекеттік думаның серіктестігі жөніндегі парламентаралық комиссияның Х отырысында да айтылды. Екі ел депутаттары мерейтойлық кездесу барысында да өзекті тақырыптарды талқылаудан тайсалмады.

Әлемдегі ең ұзын шекарадағы серіктестік, өндірісті инновациялау, экономиканы цифрландыру. «Қазақстан мен Ресей: ғасырларға жалғасқан достық». Мемлекеттік Думаның ішінде дәл осындай атаумен үлкен көрме ұйымдастырылды. Көрмені Мәжіліс пен мемлекеттік Думаның төрағалары өздері ашты.

Валентина Терешкова, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

– Біздің мемлекетіміздің барлық тұрғындары Қазақстан мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор құрмет және сыйластықпен қарайды. Мен оған зор ілтипатпен қарап, үнемі мынаны ойлаймын: ол – өз халқының әл-ауқатын ойлайтын және Ресеймен қарым-қатынасқа үлкен ықыласпен қарайтын ұлы қайраткер!

Көрме қос елдің ғасырлық қатынасынан сыр шертеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президентерімен кездесуі, стратегиялық құжаттарға қол қою. Бәрі тізбектеліп тұр, бәрі кешегі тарих.

1994 жыл 29 наурыз. Мәскеу. Суреттің астында елеусіз жазылған бұл сөздер – күллі Еуразия кеңістігіне үлкен өзгерістер әкелетінін ол кезде ешкім сезбеген, яки сенбеген де болар. Осыдан 24 жыл бұрын Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ құру туралы идеясын алғаш айтқан болатын. Сурет тарих қойнауына кетті, ал қазақ Президентінің еуразиялық интеграция идеясы жүзеге асты.

Геннадий Зюганов, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

– Біз Назарбаевпен 90-жылдары кездесіп, осы идея туралы пікірлестік. Бүгінде бұл – тең идея ғана емес, жүзеге асқан бағдарлама.

Көрмеге Астананың суреттері де қойылды. Биыл жиырмаға толатын жас Астананың бүгінгі келбеті көрмеге келушілердің қызығушылығын тудырды.

Ирек Зиннуров, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

– Қазақстан туралы айтқанда ойыңда Нұрсұлтан Назарбаев тұрады. Өйткені көптеген өзгеріс, мысалы, Астананың өзін алсақ, Президенттің бастамасымен жүзеге асты. Мен Астанада болдым, ол – ғажайып қала!

Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек екенін жаңа жоғарыда айттық. Сандар сөйлейді, Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 20,6%-ы осы Ресейге тиесілі. Келісіңіз үлкен үлес. Қос елдің парламентарийлері бұл жолы Мәскеуде сенімге құралған серіктестікті сабақтай түсуге уағдаласып тарқасты.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Жомарт Елеуов, Асқар Әбілдаев, Айбол Елубай

Хабар 24 телеарнасы