365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР мен ГФР: стратегиялық серіктестік

  • 201
  • UPD: 23:50, 30.06.2018

Қазақстан мен Германия стратегиялық серіктестікті нығайтып, экономикалық қарым-қатынасты арттыруға ниетті.

Бұл еліміздің Сыртқы істер министірінің орынбасары Роман Василенконың Германияға іссапарының негізгі мақсаты болды. Айта кету керек, дипломат Берлиндегі Бундестаг депуттарымен кездесті. Сонымен қатар Германия Федеративті Республикасының СІМ-мен екіжақты келіссөз жүргізді. Одан бөлек Қазақстанда өмір сүріп жатқан немістердің этникалық мәселелеріне байланысты үкіметаралық комиссия жиынына қатысты.

Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясының 16-шы мәжілісі Берлинде өтті. Қазақстанда мұндай ұйым тек Германиямен ғана бар. Себебі бұл екі мемлекетті экономикалық қарым-қатынастан бөлек, тарихи көпір байланыстырады. Атап айтқанда, Отанына оралған  миллионнан аса қазақстандық неміс пен қазір Қазақстанда өмір сүріп жатқан 200 мыңдай этникалық неміс бар. Жиында Қазақстанда неміс тілін дамыту мен осы ұлт өкілдеріне жан-жақты қолдау жасау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қазақстандықтардың Германияға кіруіне рұқсат беретін визаны алу жолдарын жеңілдету де қарастырылды. Кездесудің нәтижесінде қос тарап коммюникеге қол қойды. 

Роман Василенко, ҚР СІМ орынбасары:

- Құжатта Қазақстанда неміс тілі мен мәдениетін дамыту үшін қандай нақты қадамдар жасалу керек екені жазылды. Германия тарапы біздің еліміздегі этникалық немістерді қолдау үшін жасалып жатқан жобаларды қаржыландырып отырады. Осы жылы бөлінген соманың ойлағандай көп емес екенін кеше білдік. Бірақ сонда да 2 миллион 150 мың еуроға көбейген. Бұл ақша неміс тілі мұғалімдеріне айлық ретінде және мәдени іс-шаралар кезінде жұмсалады.

Бернд Фабрициус, федералды үкіметтің көші-қон және ұлт мәселесі жөніндегі уәкілі:

- Қазақстанда тұратын этникалық немістер мәселелері жөніндегі Қазақстан-Германия үкіметаралық комиссиясы жоғары деңгейде өтті. Болашақ жоспарлар нақтыланып, коммюникеге қол қойылды. Германияға көшіп келген қазақстандық немістер екі ел қарым-қатынасын нығайтуда үлкен рөл ойнайтынын айта кету керек.

Іссапар кезінде Роман Василенко Германия Федеративті РЕспубликасының Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық бойынша уәкілі Андреас Пешкемен кездесті. Қос тарап Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесі аясында қарым-қатынасты нығайту жөнінде келісті.

Роман Василенко, ҚР СІМ орынбасары:

- Өткен жылы Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 20 пайызға өсіп, 5 миллиард еуроға дейін жеткен. Осы жылғы тауар айналымы одан да жақсы нәтижені көрсетеді деп үміттенеміз.

Маңызды кездесулердің бірі Бундестагта өтті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Германия мен Қазақстан арасындағы экономика, мәдениет, білім және туризм мәселелерін қозғады. Келіссөздер нәтижесінде парламентаралық серіктестікті дамыту қолға алынды.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Осы категория бойынша: « БҰҰ ҚК: Қазақ елі Ауғанстан бойынша бірқатар бастама ұсынды ҚР Парламенті сенаторлары Еуропалық кеңестің сессиясына қатысты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы