365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспий маңы елдері арасында алыс-беріс артты

  • 172
  • UPD: 23:36, 09.08.2018

Жалпы, өткен 5 айда Маңғыстау облысы мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 52 млн долларға жетіпті.

Бұл көрсеткіш былтырғы салыстырмалы кезеңнен 9,4 пайызға артық. Шалғай өңірге көрші мемлекет салған инвестициямен 300 кәсіпорын ашылған. Осы ретте Қазақстан Каспий маңы елдерінен көш ілгері тұр. 186 жобаны іске қосқан Әзербайжан екінші орында келеді.

Арнайы экономикалық аймақтағы орталық қоймаларында қағаз майлықтар, газдалған сусындар, сүт пен ұн сақтаулы. Азық-түліктің қомақты қорын жинақтаған бұл кешеннің Маңғыстау өңірінде баламасы жоқ. Ғимараттың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Әзербайжандық инвесторлар бұл жобаға 4,5 млрд теңге қаржы жұмсаған.

Жарасқан Қабиев, «Ақтау теңіз порты» АЭА инвесторлармен жұмыс жөніндегі бас менеджері:

- «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асатын жобалар салықтардан босатылады. Осы тұрғыдан шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Өндіріс және логистика орталығының мамандары Каспий маңы елдерімен ұдайы келіссөздер жүргізіп келеді.

Әзербайжандық кәсіпкерлер тағы бір жобаға 9 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Электр трансформаторлары мен желілерін шығаратын зауыт құрылысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Кәсіпорын биыл қолданысқа берілсе, 200-ге жуық жұмыс орны ашылады. Отандық өнім ішкі нарық сұранысын жауып, көрші аймақтарға тасымалданады.

Нұрәділ Иманғалиев, облыстық ИИД басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Соңғы 3 жылда Каспий аймағы мемлекеттерімен алыс-беріс көлемі 33 пайызға артты. 2015 жылы – 165,8 млн, 2017 жылы 220,5 млн доллардың тауары айналды. Біздің өңірмен Ресей және Иран тығыз ынтымақтаста. Оларға қазақ темірі мен машина құрастыру саласының өнімі экспортталады. Ал Ираннан елімізге ауылшаруашылық тауарлары тасымалданады.

Биыл көктемде маңғыстаулық бизнес-орта Түрікменстанға барып келді. Іскерлік кездесулерде 13 жобаны бірлесе жүзеге асыруға ұсыныс жасалды. Олардың қатарында машина құрастыру, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп тауарларын шығаратын ірі кәсіпорындар бар. Бұл бағыттағы келіссөздер жалғасып жатыр.

Ал Ақтау саммитіне дайындық қызу. Орталық көлік жолдары, теңіз жағажайларына 7 млн-нан астам гүл шоғы егілді. Бір ай бұрын отырғызылған 4 мыңға жуық павловния ағаштары шаһар көркін ашып тұр. Қысқа мерзімде қалаішілік жолдар жаңарып, 15-шағынаудандағы жағалау көпшілік демалатын көрікті орынға айналды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Осы категория бойынша: « Б.Садықов Бангладештегі ҚР Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды 12 тамыз күні Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бекітіледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы