368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сарапшылар: Каспий маңы елдері ымыраға келуі үшін олардың теңізбен шектес шекарасы ескерілуі қажет

  • 283
  • UPD: 20:04, 09.08.2018

Қарт Каспийдің құқықтық мәртебесі санаулы күндерден кейін шешіледі.

Осылайша Қазақстанның қайраңды толық игеру мүмкіндігі пайда болады. Отандық сарапшылардың айтуынша, Каспий маңы елдері ымыраға келуі үшін олардың теңізбен шектес шекарасы ескерілуі қажет.

5 елдің жағалауын шайып жатқан шалқар көлдің құқықтық мәртебесі Кеңес одағы ыдырағалы бері әлі күнге дейін толық анықталмай келді. Тараптардың талаптары мен мүдделері өзара ұштаспаған соң, 2002-жылдан бері 4 саммит өткізілді. 2014 жылы Астрахань қаласындағы соңғы кездесуде де бірқатар мәселе сол күйі қалды. Ендігі кезек, міне, киелі Маңғыстау өңіріне де жетті.     

Әсел Назарбетова, ҚСЗИ Ақпараттық талдау жұмысы бөлімінің басшысы:

- Осы уақытқа дейін осы мәселеде шешуші мемлекеттің бірі – Иран. Себебі ол ХХ ғасырдың басынан бастап осы мәселеде үлкен рөл ойнап келді. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Иранның позициясы нақты болмағаннан кейін, бұл мәселе біразға созылып кетті деп айтуға болады.

«20 жылдан астам уақыт бойы әзірленген құжатты тараптар бірауыздан қолдап, оған қол қойса, бірден бірқатар мәселе шешілер еді», – дейді сарапшы.

Әсел Назарбетова, ҚСЗИ Ақпараттық талдау жұмысы бөлімінің басшысы:

- Конвенция қабылданатын болса, бұл Каспий теңізін пайдаланудың, теңіздің түбіндегі минералдарды пайдаланудың, сол теңізге мұнай құбырларын жасаудың, оның биоминералдарын пайдалану, экологиялық мәселелерді шешу, кемелер, балық аулау сияқты басқа да теңіздегі іс-әрекеттерді реттеу оңайланады және оңтайланады.

Конвенция бірінші кезекте су қоймасының экологиялық мәселесін шешуге бағытталмақ. Сондай-ақ құжатта теңіз қойнауындағы пайдалы қазбаларды игеру, әсіресе, мұнай мен газ кен орындарын өзара бөлісу, құбыр тарту жұмыстары егжей-тегжейлі нақтыланады.

Әділхан Ғаділшиев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері:

- Тараптар даулы мұнай-газ кен орындарын бірге пайдалану туралы шешім шығарып қалуы да ғажап емес. Сонымен қатар теңіз түбімен магистральді құбыр тарту сұрағы да қаралады. Сөйте тұра Каспийдің экологиялық мәселесі де назардан тыс қалмайды.

«Осылайша, Кеңес одағы кезінде Каспийдің тең жартысын, яғни оңтүстік бөлігін өз аумағына қосып келген Иран Ислам Республикасының және КСРО-ның құқықтық мұрагері – Ресей Федерациясының мүдделері шешуші болғанымен, Қазақстан, Әзербайжан және Түрікменстан елдері де өз үлестерін алмақ», – дейді сарапшы.

Еске сала кетейік, Ақтау саммиті 12 тамызда өтеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Әділғазы Төлеміс

Осы категория бойынша: « Мемлекет басшысы Шымкенттен сенаторларды сайлау күнін тағайындады Ақтау саммитінде Каспий биоресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралмақ »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы