368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау саммитінде Каспийдің биоресурстарын тиімді пайдалану мәселесі қаралады

  • 259
  • UPD: 14:13, 11.08.2018

12 тамыз күні өтетін Ақтау саммитінде бірқатар маңызды құжаттар қабылданады деп жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, жиынға қатысушы тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қояды деп күтіледі. Сондай-ақ сарапшылардың пікірінше, теңізді шекараларға бөлу, сол арқылы оның биоресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де көтерілмек. 

Каспийдің басты байлығының бірі – теңізде тулаған бекіресі. Сондықтан браконьер атаулының назарына мықтап ілінген бұл бағалы балық жыл санап азайып барады. Мәселен, осыдан он жыл бұрын Каспийдегі бекіре саны қазіргіден 2,5 есеп көп болыпты. Бұл ресейлік мамандар жүргізген зерттеудің нәтижесі. Енді теңізбен шекаралас мемлекеттер оны сақтап қалу үшін түрлі жобалар жүзеге асырып жатыр. Ал 2014 жылы Ресейдің Астрахань қаласында теңіз биоресурстарын реттеуге арналған арнайы комиссия құрылған.

Айжан Мұқышбаева, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Теңіздің биоресурстарын қолдануының көлемін шектеу туралы келісімге қол қойылды. Яғни осыдан кейін Каспийде бекірені аулауға байланысты коммерциялық, өндірістік мақсатта қолдануға шектеу қойылған болатын. Бұл шектеу 2018 жылға қойылды. Алдағы уақытта шектеуді созуға байланысты елдер қарастырып жатыр.

Жалпы теңіз ресурстарын қолдануды қадағалау бойынша алғашқы қадам 2003 жылы жасалды. Иран астанасы Тегеранда Каспий елдері конвенцияға қол қойды. Айта кетейік, бұл құжат Біріккен ұлттар ұйымының қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының көмегімен жүзеге асты. Алдағы жексенбіде өтетін Ақтау саммитінде де бірқатар маңызды конвенция қабылданады деп жоспарланып отыр.

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Конвенцияның ең маңызды қарастыратын мәселесі - ол  Каспий теңізінің аймағын шекараларға бөлу. Бұл ретте 5 мемлекеттің арасында ортақ ұстаным қалыптасып үлгерді. Ол қандай ұстаным десек, әрбір мемлекет өзінің ұлттық секторын көршілес жатқан мемлекетпен бірігіп, тиісті келісімдер жасау арқылы анықтай алады. 

Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім – болашақта теңіз аумағына қатысты дау-дамайға жол бермеуі керек. Сондықтан Ақтау саммиті Каспийдің құқықтық мәртебесі нақтыланған жиын ретінде тарихта қалуы мүмкін.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ермек Кеншімбек

Осы категория бойынша: « Сарапшы: Конвенция Каспийге жаңа мәртебе береді Каспийдің құқықтық мәртебесі бойынша конвенция елдер ынтымағын арттырады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы