374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Конвенция Каспийдің экологиялық мәселелерін шешуге жол ашады

  • 198
  • UPD: 20:20, 17.08.2018

Каспийдің құқықтық мәртебесі құжатпен бекітілгенен кейін аймаққа бағытталатын инвестиция көлемі арта түседі.

Себебі қай бөлік кімге тиесілі екені анықталған аумақта жұмыс істеу инвесторлар үшін де тиімді. Каспийді бөлу бес мемлекеттің де заңнамасында белгіленеді. Сыртқы істер министрлігінің өкілі мәлімдегендей конвенция таяуда ратификациялануы тиіс.

Көп ұзамай парламенттермен бекітілетін құжаттың береріне тоқталайық. Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындаған конвенция бес елдің де жауапкершілігін арттырады. Бұрын қалай еді, дейсіз ғой. Ілгеріде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі шешімдерді әр ел өзі қабылдайтын. Тиісінше, мұндай процеске екінші тарап килігуді көздейтін, түрлі мақсатпен. Ал конвенцияда 5 мемлекеттен бөлек, өзге тараптардың Каспий өңірі мәселесіне араласуына тыйым салынады. Яғни құқықтық мәртебе Каспий өңірінде бір елдің басымдық танытуына тосқауыл болады.

Сабыр Хасанов, ҚР ҰҚК Шекаралық қызметі жағалаулық күзет басқармасының бастығы:

- Белгіленген аумақтар, әсіресе, шекара қызметі үшін аса маңызды. Ақтау саммиті кезінде бірнеше мемлекеттің шекара қызметінің басшылары теңізде өзара әріптестік орнату жөніндегі хаттамаға қол қойды. Осының негізінде біздер ақпарат алмасып, шекара кескендерді, айдында заңсыз әрекет еткендерді бірге анықтаймыз. Яғни конвенцияның аясында бес елдің шекарашылары Каспийдегі тұрақтылыққа бірге жауап береді.

Конвенция Каспийдің экологиялық мәселелерін шешуге жол ашады. Биологиялық ресурстардың ретсіз қолданысын тоқтатып, Қызыл кітапқа енген, сирек кездесетін жәндіктерді сақтап, қорғауға мүмкіндік береді.

Қадырбек Есқалиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Астраханьда теңіздің биоресурсын сақтау жөнінде келісім бекіген еді. Бұл жөнінде қазір үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Осыған сәйкес айдында коммерциялық мақсатта балық аулауға тыйым салынды. Енді өзге елдермен бірге броконьерлерге қарсы күрес жүргіземіз. Осы бойынша қазір үкіметаралық хаттама әзірленіп жатыр.

Келесі пайдасын айтайық. Конвенция теңіздегі көлік логистикасы мен инфрақұрылымды дамытуға серпін береді. Каспий маңы мемлекеттерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепіл болады. Салмағы бес атанға жүк болатын батпандай құжатты енді ратификациялау өзекті. Бұл шаруа да көп ұзамай тындырылмақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев

Осы категория бойынша: « Астанадағы Индонезия елшілігінде тәуелсіздік күні тойланды Г.Әбдіқалықова Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына арналған шараға қатысты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы