370,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Каспийдегі 5 ел браконьерлікпен бірігіп күреседі

  • 176
  • UPD: 14:08, 22.08.2018

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында өткен Ақтау саммитінде 5 мемлекеттің басшылары бірқатар келісімшарттарға қол қойды.

Соның бірі – балық аулау территориялары мен браконьерлікпен күрес шаралары. Алдағы уақытта бес мемлекеттің құқық қорғау органдары заңсыз балық аулаушылармен бірігіп күреседі. Бұл шаралар Каспий теңізін мекендеген бағалы бекіре тұқымдас балықтардың табиғи қорын толықтырады деген сенім бар.

Атыраудағы екі зауыт биыл Каспий-Жайық су айдынына 7 млн дана бекіре шабақтарын жіберді. Қызық балықтың бекіре, шоқыр, пілмай, сүйрік, қорытпа аталатын түрлерін Каспий теңізіне еншілес Иран, Ресей және Әзірбайжан мемлекеттері де өсіреді. Ақтаудағы саммит кезінде шешілген тиімді мәселенің бірі – шабақ өсіруші кәсіпорындар бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.

Ерболат Кадимов, ҚазБШҒЗИ Атырау филиалының директоры:

- Жалпы Каспий маңы елдерінде 20-ға жуық бекіре шабағын өсіретін зауыт бар. Теңізге жіберілген балықтардың генетикалық тегін зерттеу арқылы біз оның қай елге тиесілі екенін анықтай аламыз. Осы арқылы табиғи қорды толықтыруға қай елдің қаншалықтың үлес қосып отырғанын анықтап, нақты баға бере аламыз.

«Соңғы он жылда бекіре тұқымдас балықтардың саны он есеге кеміді. Бұл заңсыз балық аулаушылар келтірген залал», - дейді мамандар. Сондықтан қолдан шабақ өсіру ғана емес ең алдымен оны қорғау қажет. Әйтпеген жағдайда бағалы балық тұқымы мүлде құрып кетуі мүмкін. Сондықтанда Ақтау саммитіндегі Елбасының ұсынысын өзге мемлекеттердің басшылары бірден қолдады.

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Ең алдымен біз ортақ келісім негізінде жұмыс істеуіміз қажет. Осы құқықтық мәртебе Каспий теңізіндегі браконьерлікпен бірігіп күресуге мүмкіндік береді. Біріккен іс-шаралар жоспарын жасақтап, іске тезірек кірісуіміз керек. Бұл жойылып бара жатқан бекіре тұқымдас балықтардың жылдам өсуіне жол ашады.

Күні бүгінге дейін шекара бұзған заңсыз балық аулаушылар бір елдің территориясынан екінші елге сытылып кететін. Ал бұдан былай заңды құжат негізінде құқық қорғау органдары ортақ ақпарат алмасуға мүмкіндік алды. Мамандар браконьерлікпен күрес енді нақты жемісін береді деп есептейді.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Жандос Рахметуллин

Осы категория бойынша: « Б.Сағынтаев мемлекеттік органдарды Шымкенттен Түркістанға көшіру барысымен танысты Шымкентте «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға бағытталған ұйымдардың форумы өтіп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы