360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық тәжірибесі жаһан назарында

  • 246
  • UPD: 18:33, 29.09.2018

Брюссельде «Азия-Еуропа» мемлекетаралық форумы өтті.

Басқосуға екі құрлықтағы 50-ден астам елден депутат келген. Осындай парламентаралық конференциялар ASEM атты Азия және Еуропа мемлекет басшыларының саммиті қарсаңында екі жылда бір рет өтіп тұрады.

Азия және Еуропа парламенттерінің депутаттары миграция мен қауіпсіздік, тұрақты даму және су қорлары бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқыға салды. 

Мұхтар Кұл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Ауғанстан мен Ирактағы, Ливиядағы және Сириядағы қантөгістер адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған Азия және Африка елдерінен Еуропаға қарай миграциялық үдерістерге жол ашты. Бұрын мүлде басқа тәрбиеде, мүлде басқа мәдениетте тәрбиеленген адамдар Еуропаға келген кезде, мәдениеттердің, өркениеттердің қақтығысы деп ғалымдар айтатын процеске ұшырап отыр. Осы тұрғыдан келген кезде, жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері еркін өмір сүріп жатқан, Елбасымыз ұсынған ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім, дінаралық диалогқа негізделген Қазақстанның моделі көптеген Еуропа және дүние жүзі елдеріне үлгі болып отыр.  

Ауа райының өзгеруі мен экологиялық мәселелер форумда жеке талқыланды. Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтаудағы еліміздің тәжірибесі де көпке үлгі тұтар іс болған. Қазақстан осы мәселелерді бірлесіп шешуге Дүниежүзілік банк пен Еуропа қайта құру және даму банкінің назарын аударды.

Ивета Григуле, Орталық Азия елдерімен ынтымақтасу жөніндегі ЕП делегациясының басшысы:

– Қазақстан экологиялық мәселелерді шешудегі өз тәжірибесімен бөлісе алады. Осының бір мысалы – Арал теңізі. Оның солтүстік бөлігін аман сақтап қала алдыңдар - балық қайта толып, балықшы қауым да орала бастады. 

Глеб Щегельский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Париж келісіміне Қазақстан алғашқылардың бірі болып қол қойған. ЕХРО-дан кейін жасыл экономиканы дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданды, Астана халықаралық қаржы орталығы құрылып, оның қарамағында жасыл технологиялар орталығы жұмыс істейді. Президенттің тапсырмасы бойынша, жаңа экологиялық кодекс дайындалып жатыр. Онда көптеген мәселе қарастырылады, оның ішінде ауа райының өзгеру мәселесі де бар.

Конференция қатысушылары «Азия-Еуропа» форумына бірлесіп қолдау көрсету қажеттігін мәлімдеді. Басқосу қорытындысы бойынша, жаһандық мәселелерді талқылау бойынша және саяси салада екі құрлық елдерінің серіктестік декларациясын қабылдау көзделіп отыр.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы