366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президент Жолдауда көзделген меженің іске асуын ерекше қадағаламақ

  • 319
  • UPD: 23:16, 05.10.2018

Келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 1 жарым есеге дейін артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалады. Жағымды жаңалық мұнымен бітпейді. Алдағы 3 жылда 3 ауысымды және апатты мектептер жойылады. Бастысы, мұғалімдерді жөнсіз жұмсау тыйылады. Елбасы халыққа кезекті Жолдауында осындай міндеттер жүктеді. Президент қаражатты бөлуде алдымен әлеуметтік сала, содан соң қауіпсіздік пен инфрақұрылымға ерекше мән беру керектігін айтты. Бұл айтылған әр сала бойынша атқамінерлерге жүктелген тапсырма аз болмады. Түптеп келгенде, бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жоғарылату керек.

Елбасының Жолдауынан халық жылда бір жағымды жаңалық күтеді. Ал атқамінерлер алдағы уақытта нендей шаруа тыңдыру керектігін қаперге түйеді. Бұған дейінгі соңғы екі Жолдау басылым беттерінде жарияланған болатын. Бүгін міне, Президент қарамағындағыларды өз резиденциясына жинады. Халық қалаулылары да осы жерден табылды. Мемлекет басшысы сөзін жағымды жаңалықтан бастады.

Қазір ең төменгі жалақы 28 мың болса, келер жылы 42 мың 500 теңгеге дейін өседі. Бұл дегеніміз, 1 млн 300 мың азаматтың айлығы 30 пайызға артады деген сөз. Мемлекеттік қызметкерлердің де еңбекақысы 35 пайызға көтеріледі. Демек, 275 мың мұғалім мен балабақша тәрбиешісінің, дәрігерлер және әскерилердің табысы ұлғая түспек.

Жолдау кәсіпкерлер үшін де жағымды жаңалыққа толы болды. Дәл осы іскер азаматтарды қолдау мәселесін Елбасы әрдайым басты назарда ұстайды. Қолайлы жағдай жасау керектігін үнемі айтады. Енді міне, келер жылдан бастап уақытша амнистия жасау керек деп отыр. Бұл шара шағын және орта бизнестің тынысын ашып, тамырына қан жүгіртері сөзсіз. Президент жүктеп отырған басты міндет – ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, экспортты арттыру. Нұрсұлтан Назарбаев тек айтып қана қоймай, бұл мәселені өзі үнемі қадағалап отырады. Аймақтарға жұмыс сапары кезінде уақыттың тығыздығына қарамастан, отандық кәсіпорындарға арнайы барды. Кезінде Қазақстанда шығарылған костюмді киіп, көпке үлгі көрсетті. Қаржылай қолдау да аз емес. Бүгін тағы Үкіметке қазынадан жыл сайын 500 млрд теңге бөлуді тапсырды. Ал Ұлттық банк қаржы ұйымдарын демеу керек, кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге қолдау көрсетуі тиіс. Ақсап тұрған қайта өңдеу саласын дамыту – алдағы міндет.

Ал алаяқтықпен толағай табысқа кеңелмек болған көлеңкелі бизнеске енді жеңіл болмайды. Келер жылдан бастап салықтан жалтарып, заңды белшесінен басқандарға салынатын айыппұл 50 айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Ал осындай қылмыстарды анықтайтын экономикалық тергеу қызметінің функциясы енді қаржы мониторингі комитетіне беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мы должны идти к безналичной экономике, именно там, где идет наличность, идут нарушения, экономики остается в тени, не платят налоги ни в пенсионный фонд, ни в социальные. Правительству надо принять действенные меры по сокращению теневого оборота экономики как минимум на 40 процентов за три года.

Жемқор шенеуніктерді міндетті түрде жазалау қажет. Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдеріне осындай тапсырма берді. Себебі шені биік, лауазымы жоғары бастықтар қызметкерлеріне жиі қыспақ көрсететін көрінеді. Осы ретте Президент әл көрсететін шенеуніктерді жаппай ұстап, тиісті жаза қолдануды тапсырды. Сондай-ақ халықтың сотқа деген сенімін арттыруға мән берді. Бұл бағытта бірталай шара қолға алынды. Алайда көздеген межеге қол жеткізе алмай келеміз. Халық әлі күнге дейін Президентке хат жазып, мәселесін шешіп беруді сұрайды екен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Я еще раз сегодня вынужден поручить суду совместно с Правительством до конца года выработать комплекс мер. 27 лет независимости. Опять с судьями проблемы, не все, но ведь не решают проблемы на уровне.

Елбасы Жақып Асановты сұрақ астына алып қана қоймай, Жоғарғы сот кеңесіне де ескерту жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Высший судебный совет, Талгат, я тебя туда для чего поставил? Чтобы не спрашивать тебя, сколько стоит стать судьей и сколько дать надо. Высший судебный совет - это сито судебной работы. Я не могу 100 раз это повторять. Я всегда считал, если в ведомстве не решается вопрос, то нужно менять руководителя. Железно работало всегда. Я не хочу только что назначенных людей менять, но если дело потребует, придется это сделать.

Ішкі істер органдарын да түбегейлі өзгеріс күтіп тұр. «Барлық полицияны қайта аттестациядан өткізіп, тек мықтыларын қалдыру керек». Елбасы сала министріне тиісті тапсырма берді. Осылайша, полиция жазалаушы таяқ емес, халықтың көмекшісі болады.

Президент полицейлерді оқытатын мекемелердің санын қысқартуды тапсырды. Ал үнемделген қаражатты олардың жалақысын өсіруге жұмсау керек. Баспанамен қамту мәселесін де шешу қажет. Егер полицейлер жетпей жатса, онда дайын заңгерлерді алып, қайта оқытуға болады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– У нас сколько юристов выпускников ребят ходит? Надо их - образованных взять. Полицейская академия на западе за 6 месяцев готовит. А у нас 5 лет учим, и кого выпускаем?

Ішкі істер органдарын өзгеріс күтіп тұрса, білім саласын жөнсіз реформалай беруді тоқтату керек. Президент шегі жоқ өзгерістердің кесірінен оқушылардың сапалы білім алуы, кенжелеп қалуы мүмкін деді. Сондықтан Қазақстандағы барлық орта мектептерге Назарбаев зияткерлік білім ошағының әдістемесін енгізу қажет. Бұл қадам жасанды интеллект қалыптастыруға, оқушылардың жаңа технологияны меңгеруіне және инновациялық жобалар жасауына мол мүмкіндік бермек. Ал шәкірттерді білім нәрімен сусындататын ұстаздарды жөнсіз жұмсауды Елбасы доғаруды ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Считаю необходимым разработать и принять в следующем году закон "О статусе педагогов". Он должен предусмотреть все стимулы для учителей и работников дошкольных организаций, сократить нагрузку, оградить от непредвиденных несвойственных функций. На учителей взваливается все что угодно: выборы проводят учителя, агитацию проводят учителя, что-нибудь нужно сделать - учителя. За это им никто не платит, надо их освободить, они же должны готовиться к урокам.

Осы орайда Президент еден жуушының өзі жұмысқа тұру үшін пара беруге мәжбүр екенін тағы бір мәрте атап өтті. Әсіресе, бұл елдің оңтүстік облыстарына тән.

Мемлекет басшысы елдегі жоғарғы оқу орындарын да сынады. «Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жойып, білімге ден қою керек», деді. Себебі біздегі білім сапасына сенбегендіктен, ел тұрғындары шет елде оқуды жөн санайды.

Елбасы ұлт денсаулығына да көңіл бөлді. Тіпті халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің сапасын қадағалайтын бірыңғай комитет құруды ұсынды. Сондай-ақ халық жиі жүгінетін емханалардағы учаскелік дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға арттыруды ұсынды. Ал қатерлі дертпен мықтап күресу үшін ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын биылдан кешіктірмей бастауды тапсырды.

Жолдауда халықты баспанамен қамту жайы да ескерусіз қалмады. 2023 жылға дейін 2 млн азамат қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз етіледі. Ол үшін алдағы жылдары жалпы ауданы 76 млн 600 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның 6 млн-нан астамы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Инвестиция есебінен тағы 4 жарым млн шаршы метр баспана бой көтереді. Ол пәтерлердің дені кезекте тұрғандарға несие арқылы беріледі. Осы орайда Президент «7-20-25» бағдарламасын сын тезіне алды. Жоба аясында небәрі 2 мың адам үй алуға өтініш білдірген. Банктер несие беруге дайын. Алайда 20 пайыздық алғашқы жарнаны төлеуге көбісінің шамасы жете бермейді. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бұрынғы әкімі енгізген тәжірибені сөз етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Асет Исекешев, работая в Астане, внедрил частичное субсидирование первоначальных взносов по льготной ипотеке из местного бюджета. Сделал же? Скажи как сделал? Это говорит о том, что есть возможность дать учителям, полиции, дать всем. В областях можно делать? Только первоначальный взнос какой-то части. Нужно переживать за это, хотеть помочь. Выдача таких сертификатов повысит доступность ипотеки для педагогов, медиков, полицейских. Так сделала Астана.

Бастысы салынған нысандар тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы болуы керек. Ол үшін елімізде тиісті инфрақұрылым жасалып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Я сейчас езжу, смотрю с удовольствием города, областные центры чистые. Особенно там, где я проезжаю, наверное. Как будто я с неба свалился. Как Александр Григорьевич Лукашенко говорит: я жил в селе, я знаю, что там происходит. Я учился в районе, был руководителем города Темиртау, руководителем области — Карагандинской, как секретарь ЦК и председатель правительства объехал все районы Казахстана — их было 230 тогда. Знаю, что, как и где лежит, и мне ничего не стоит свернуть и поехать в другой угол.

Жолдауда атқамінерлерге артылған тапсырма аз болмады. Айтылған міндеттерді іске асыру үшін Үкімет пен мемлекеттік органдар жыл соңына дейін жол картасын әзірлеуі тиіс. Ал көздеген меженің орындалуына Ұлттық жаңғыру орталығы бақылау жасайды. Арнайы кеңсе Елбасының тапсырмасы бойынша құрылады. Осылайша, Президент Жолдауда көзделген меженің іске асуын ерекше қадағаламақ.

Хабар 24 телеарнасы