365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы Жолдауын қазақстандықтар қалай қабылдады?

  • 265
  • UPD: 23:26, 05.10.2018

Президент дамудың жаңа жолын айқындап берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы халықтың табысы мен тұрмыс сапасына мән берілді. Ұстаздар қауымын мұғалімдердің мәртебесін айқындап беретін жаңа заң жобасының әзірленуі ерекше қуантса, кәсібінің нәсібін көріп жүрген азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың артуына дән риза.

Әсима Бимендина, «Кәсіпқор» холдингі» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Қуанышты жағдай – білім саласына қаражаттың бөлінуі. Ұстаздар үшін қуаныштымыз.

Елбасының Жолдауын Астанада Еуразия Ұлттық Университетінің оқытушылары мен студенттері ұйып тыңдады. Бекер емес. Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттырып, оларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін айтты. Ол үшін білім ошақтарының санын емес, сапасын арттыру маңызды.

Қайрат Сақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану деканы:

– Сұраныстан шығып қалған ЖОО нарық талабына сай жабылады деген сөз. Енді ЖОО-ның өзара бәсекесі күшейеді. Олардың білім бағдарламаларының бәсекесі күшейеді.

Есесіне университеттер мен институттар мемлекеттік грант арқылы білім алған түлектердің алдағы тағдырына алаңдап, жұмыспен қамту мәселесіне көңіл бөлуі тиіс. Бұл – Жолдауда көтерілген мәселелердің бірі. Жаңа құжаттың мазмұнына ел ағаларымен қатар бүгінгі буынның да өз айтары бар.

Жанат Сарина, Қ. Жұбанов атындағы АМӨУ студенті:

– Бастаманың бәрі жақсы! Оның ішінде студенттердің жұмыспен қамтылу мәселесі. Яғни ЖОО бітіргеннен кейін студенттердің жұмысқа орналасуы. Осы мақсатта жоғарғы оқу орнының қаншалықты жоғары екенін, рейтингін білуге болады.

Атыраулықтардың бір легі бұл маңызды стратегиялық құжатты Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында тыңдап, Президенттің ел болашағына арналған тың жоспарларымен тікелей эфирде танысты.

Абзал Талтенов, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ ректоры:

– Түлектердің жұмысқа орналасуы туралы бір мысал келтірейін. Біздің ЖОО былиыр бітірген түлектердің 87 пайызы жұмысқа орналасты. Олардың орташа жалақылары 116 мың теңгені құрайды. Меніңше, бұл жаман емес.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен 20% артады. Бұл мақсатқа мемлекет қазынасынан 5 миллиард теңге бөлінеді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек алдымен ауылдарда қолжетімді болуын Елбасы басым бағыт ретінде атап көрсетті. Сыр елінің дәрігерлері бұл қадам шалғай елді мекендерде көрсетілетін медициналық қызмет сапасының жақсаруына оң ықпал етеді деп санайды.  

Анар Шүкірова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл да өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Себебі жалақы көбейгеніне байланысты, дәрігерлердің жұмысын жақсартуға өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Онкологиялық ауруларды емдеу ісі жетілдіріледі

Жолдауда Астана қаласында онкологиялық орталықты салу қажеттілігі де айтылды. Бұл мәселеге қатысты павлодарлық дәрігерлер өз пікірлерін білдірді. Нысан заманауи техникамен жабдықталып, обырды инновациялық жолмен емдеудің технологиясы кең қолданыста болуы керек. Өзге өңірлер өз кезегінде елорданың медициналық саласына бой түзеуі тиіс.

Айман Оспанова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

– Онкологиялық диспансердің салынуы дертке шалдыққан адамдарға алаңсыз өмір сүруге мүмкіндік береді. Бұл обырды емдеудің инновациялық технологияларын енгізуіміз керек. Екіншіден, учаскелік дәрігерлердің жалақысы артады. Бұл – ұлт болашағы жолындағы игі іс. Ақ халатты жандардың жүктемесін азайту мәселесі шешілсе, қызмет көрсету сапасы да артатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде жас мамандарды саладан кетпеуге ынталандырады.

Осындай тапсырмаларды жіпке тізген Елбасының ойы барлық істің түп нәтижесі ел үшін болуы қажет дегенге саяды.

Авторы: Жасын Біркенов

Хабар 24 телеарнасы