366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды

  • 183
  • UPD: 21:20, 06.10.2018

Елбасы Жолдауынан соң елордада демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті.

Апта емес, ай емес, елеулі оқиғалар кезінде ғана жиылатын коалиция мүшелері Жолдауға қатысты салмақты ой-пікірлерін ортаға салды.

Демократиялық күштер елде қандай да бір саяси оқиға болған кезде кездеседі. Кеңеседі. Бұл жолғы отырыстың да мәні бөлек. Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін жақсы білетін коалиция мүшелері Жолдаудағы міндетті іске асыру үшін жұмылып отыр. Жөн. Мақсат айқындалды. Міндеттер мінсіз орындалса, халықтың әлеуеті артады. Себебі биылғы Жолдау әлеуметтік сипатқа ие. Дәйекпен айтайық. Жалақы көтеріледі. Медицина, ғылым, білім дамиды. Педагогтардың мәртебесі өседі. Мұғалімдердің мүддесін қорғайтын арнайы заң қабылданады.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, жалпыұлттық коалиция мүшесі:

– Көптен бері көтеріліп жүрген педагогтар мәселесі туралы заң қабылдау керек дегенде, қатты қуандым.

Тек мұғалімдер емес, полицейлер үшін де жағымды жаңалық болды. Тәртіп сақшыларының жалақысы өседі. Бірақ бәрі аттестациядан өтіп, іріктеледі. Қызметте тек біліктілері қалады. Президентше айтсақ, ішкі істер органы түбегейлі жаңғыртылады. Бұл да көңіл сүйсінтпей қоймады.

Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы орталық комитетінің хатшысы:

– Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы халыққа қызмет етуші ретінде осы ойды бойларына сіңіру керек. Осы тұрғыда полиция қызметінің жұмысын жаңғырту. Бұл – үлкен мәселе. Осыған дейін кері тартып тұрған мәселе болатын еді.

Биылғы Жолдауда саясат яки экономикаға емес, халықтың тұрмысына барынша екпін берілді. Тіпті аталған міндеттердің келешекте емес, таяуда орындалуы қажеттігін Елбасы шегелеп тұрып айтты. 

Елбасы отандық тауар өндірушілер мен жергілікті тұтынушылар арасындағы нақты байланысты нығайту арқылы ғана ел экономикасын күшейтуге болатындығын да атап өтті. Шенеуніктерге өзге емес, өзіміздің киімдерді киюді міндеттеді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы:

– Бұл дегеніңіз – өзіміздің отандық кәсіпкерлерге қолдау. Бір жағынан халыққа да пайдалы болады. Өйткені оның бәрі теңгемен шығарылады. Сондықтан халық тұтынатын тауардың бәрі өзімізден шығарылады. Өндіріс көздері салық төлейді, жұмыс орны пайда болады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Сонымен бірге халықтың көтеріп жүрген мәселелерінің бірі – облыс ішіндегі жолдарды жөндеу. Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтағы мәселелерді шешу, тарифтерді шектеу. Сонымен қатар енді баспананың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Халықтың тұрмысы дегенде, баспананы айтпасқа болмас. Тұрғындарды үймен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жеңілдеткен жөн. Әсіресе, 7 – 20 – 25» ипотекасы бойынша шаралар мен шарттарды қайта қарастыру қажет. Себебі – бұл бағдарламамен үй алғандардың санына Елбасы көңілі толмайтынын айтты. Орынды. Сондықтан алдағы уақытта бағдарлама қайта қаралып, үй алудың жолы жеңілдетіледі. Демократиялық күштердің отырысында бұл мәселеге де ерекше ден қойылды. Жолдаудағы айқын мақсаттарға жету үшін саяси күштердің коалициясы енді Үкіметпен бірлесіп жұмыс істейді.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Атап өтейік, жалпыұлттық коалиция елдегі 5 саяси партия мен 24 ірі қоғамдық бірлестіктің басын біріктіріп, алты жарым миллион қазақстандықтың мүддесін қорғайды. Енді осы коалация мүшелері Елбасы Жолдауын түсіндіру мақсатында ел-елді араламақ. Ал Жолдауда айқындалған міндеттердің орындалуын қалағалау үшін «Нұр Отан» партиясының өкілдері мониторинг жүргізіп отырады.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерлан Наурызбаев, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы