366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне Астананың дайындығы қалай

  • 115
  • UPD: 11:51, 09.10.2018

Ертең Елордада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезіне Сербия Президенті Александар Вучич те қатысады.

Әлемнің әр қиырынан түрлі дін өкілдерімен қатар жаһандық ұйым мүшелері және беделді саясаткерлер Астанаға жиналуда. Басты тақырып «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» деп аталады.

Төрт тағаны дүниенің төрт бұрышына бірдей достық құшағын ашқан Бейбітшілік және келісім сарайында дәстүрлі дін өкілдері кезекті рет бас қосады. Бұған дейін дәл осы жерде олар бес рет кездескен. Әрбір жиынға еліміз тыңғылықты дайындалады. Биыл да дәстүрден жаңылған жоқ.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшысының алтыншы съезінің негізгі бөлімі дәл осы Атрюм залында өтеді. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, мұнда дайындық қызу жүріп жатыр. Мәртебелі меймандарға арналып қызыл кілем төселген. Орындықтар қойылған. Бірақ кіршіксіз таза болуы үшін барлығы әзірге жабық тұр. Айта кететін тағы бір нәрсе, осы алтыншы съезден кейін дәл осы залда «Бейбітшілік және келісім музейі» ашылады.

Кемаләнел Қайратқызы, Бейбітшілік және келісім музейінің экскурсия жүргізушісі:

- Музей экспозициясы бес экспозициялық залдан тұрады. Ерекшелігі, Қазақстандағы музейлердің тәжірибесінде тұңғыш рет қолданылып отырған мүмкіндігі ерекше жандар үшін арнайы қойылған сурдоаударманың болуы. Бұл жерде осы съезге қатысқан, атсалысқан, өзінің пікірін, ойын білдірген күллі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары туралы ақпарат, олардың өмірбаяндары заманауи технологияларды пайдалана отырып көрермен назарына ұсынылған.

Музейде қонақтар әлемдегі және Қазақстандағы құлшылық орындарын виртуалды түрде аралауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ мұнда түрлі діни жоралғыларда пайдаланылатын заттар мен съезд барысында қабылданған құжаттар қойылады. Музейді ашу туралы ұсынысты 2015 жылы, бесінші съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Айтпақшы, биыл съездің 15 жылдығы аталып өтеді. Ол үшін арнайы бағдарлама қарастырылған.

Бейбітшілік және келісім сарайының опералық залында съезд қонақтары хор тыңдайды. Оның құрамында 25 елден 550-ге жуық адам бар. Түрлі ұлт, түрлі дін, түрлі буын өкілдері. Бірақ барлығы татулықта бір тілде ән шырқап тұр.

Демеу Бейімбетов, Б.Байқадамов атындағы хор капелласының көркемдік жетекшісі:

- Хор музыканттары белгілі шығармалар орындап жатыр. Қазақша музыканы да орындап жатыр. Музыканттар өз әнімен, өз өнерімен бүкіл әлемге достық туралы, бірлік туралы, жақсылық туралы ән айтып жатыр.

Мамандардың айтуынша, жиын тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемде болып жатқан дінаралық кикілжіңді шешуге үлкен үлес қосады. Сондықтан оған қатысуға ниеттілердің саны да артып келеді.

Балғабек Мырзаев, ҚР ҚДМ Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүгінгі қоғамдағы әлемнің түпкір-түпкіріндегі әртүрлі діни негіздегі қақтығыстар, мемлекет ішіндегі бір діннің бір дінге деген әсері сияқты көріністер жаһандану процесінде өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан осындай кезеңде еліміздің ішінде ғана емес, барша әлемде осы дінге негізделген қақтығыстар болмасын. Азаматтар бейбіт өмірде бала-шағасымен бақытты ғұмыр кешсін деген принциппен осындай бір үлкен жиынды ұйымдастырып отыр.

Биылғы съезге сексеннен астам делегат келеді. Мұнда екі пленарлық сессия мен төрт секциялық отырыс өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ биыл осы съезд ашылғалы белсенді қатысып, қолдау білдірген азаматтар арнайы медальмен марапатталады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Ғани Алшынбаев, Болатбек Кабалдиев

Хабар 24 телеарнасы