366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Қазақстан алдағы уақытта да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін барынша күш салады

  • 173
  • UPD: 12:27, 10.10.2018
Елбасы: Қазақстан алдағы уақытта да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін барынша күш салады Zakon.kz

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, қауіпсіз әлемді қалыптастыру жолында конфессияаралық, өркениетаралық диалог орталығын бекітуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаһандық қауіпсіздік жүйесінде жаңғыртудың табысы - әлемдік бірлестіктердің милитаристік ойлау жүйесін еңсеруіне байланысты болады. Мемлекеттердің әскери блоктарға бөлу ісін өткенге қалдыру керек. Әскери блоктардың болуы - мәнсіз де тартысқа әкелуі мүмкін фактор. Жалпыәлемдік антиәскери шаралар туралы өз көзқарасымды мен «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» Манифестінде көрсетіп өткен едім. Ол БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай «Ядролық қарусыз әлем» құруға үндейді. Біздің мұндай бастама көтеруге моральды құқығымыз бар. Қазақстан әлемдегі ядролық полигонды жауып, қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық-зымыранды арсеналдан бас тартты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде.

Президент өз сөзінде әлемдік бірлестіктер мен дін басшылары Қазақстан ұсынған шараларды қолдайтын болса, бұл мақсатқа (ядролық қарусыз әлемге - авт.) әлбетте жетуге болатынын атап өтті.

«Қазақстан дәстүрлі түрде мемлекеттер арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру жолында толассыз еңбек етіп келеді. Белгілі болып отырғандай, біз сириялық қақтығыстардың тоқтатылуына күш салып, сонымен бірге келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынып отырмыз. Біз тұрақты түрде Шығыс Украинадағы мәселелердің реттелуі үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің кезінде де Қазақстан тараптарды татуластыру жолында тер төкті. Біз бұл бағытта ары қарай жұмысты жалғастыруға дайынбыз», - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан алдағы уақытта да аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін барынша күш салатынын айтып өтті.

«Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін мен өз тарапымнан конфессияаралық, өркениетаралық диалогты дамыту орталығын бекітуге дайынмын. Біз халықаралық құқықтан аттап кетпейтін бұдан да қауіпсіз әлемді қалыптастыруға бірлесе күш салуымыз керек», - деді Президент.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы