365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықаралық конференцияда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы талқыланды

  • 89
  • UPD: 15:06, 11.10.2018
Халықаралық конференцияда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы талқыланды inform.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Қазақстан Республикасындағы қызметіне 20 жыл: ынтымақтастық пен жетістіктер» атты халықаралық конференцияға қатысты.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Жиынды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисі Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Конференцияның мақсаты – екіжақты ынтымақтастықтың 20 жылдығына орай жаһандық әлемдегі ЕҚЫҰ-ның рөлін және оның Қазақстан Республикасымен өзара ықпалдастығы мәселелерін талқылау.

Іс-шараға, сондай-ақ ЕҚЫҰ бас хатшысы Т.Гремингер, Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Президент Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссияның, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, жоғары оқу орындарының, азаматтық қоғамның өкілдері қатысты.

Басқосуды ашқан Гүлшара Әбдіқалықова конференцияға қатысушыларға Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді. Онда: «2010 жылы осы беделді ұйымды басқарған және бүгінде оның жұмысына белсенді атсалысып келе жатқан мемлекет ретінде біз үшін бұл оқиғаның маңызы зор. ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға, Ұйымды басқару үшін сенімге, сабақтастыққа, ашықтық пен төзімділікке негізделген жауапты көзқарас танытуға мүмкіндік берді. Қазіргі кезеңдегі халықаралық қатынастар трансформациясы жағдайында ЕҚЫҰ қауіпсіздіктің жаңа архитектурасының негізгі элементінің бірі болып қала беретіні айтылған».

Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастығы қызметтің әскери-саяси, экономика-экологиялық, гуманитарлық сияқты үш өлшеміне сәйкес жүргізіліп келеді және Ұйымның орталық институттарымен қатар, оның өңірдегі миссиясы – ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисімен өзара ықпалдастықта жүзеге асырылады.

ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің мұрасын дамыту Қазақстанның Ұйымдағы алдағы жылдарда атқаратын қызметінің негізгі өзегі болып қала бермек.

Хабар 24 телеарнасы