384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы қатысатын «Азия-Еуропа» саммиті әріптестікке арналады

  • 666
  • UPD: 19:51, 17.10.2018

Ал ертең және арғы күні Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде өтетін «Азия-Еуропа» форумының 12 саммитіне қатысады.

Бұл халықаралық басқосу екі жылда бір рет Азия және Еуропа елдерінде кезек-кезек ұйымдастырылады.

Биылғы саммит осы екі тараптың әріптестігін дамытуға арналады. Бұл үдеріске біздің елдің қосар үлесі қандай болмақ?  

Саммит қарсаңында Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері Еуропа мен Азияның өзара ықпалдастығы бойынша стратегияны қабылдады. Аталған құжат алқалы жиында талқыға түспек.

«Оның тиімді іске асуына қазақстандық тараптың қомақты үлес қосатыны сөзсіз», - дейді Еуроодақ өкілдері.

Марош Шевчович, Еуроодақтың энергетика жөніндегі комиссары:

- БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде де, жалпы аймақта да Қазақстанның рөлі жоғары. Экономикалық даму мен сауда қатынасын өрбіту үшін Еуроодақтағылар Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатты. Өзара әріптестік одан әрі дами түседі деген ойдамын.

Гуннар Виганд, ЕСБҚ Азия-Тынық мұхиты аймағындағы департамент директоры:

- Қазақстан - Азия үшін де, Еуропа үшін де маңызды ел. Сондықтан Қазақстанның «Азия-Еуропа» саммитіне қатысатынына өте қуаныштымыз. Өйткені біз қазақ елін жаһан мәселеріне аса жауапкершілікпен қарайтын және өз міндеттерін мүлтіксіз орындайтын бірден-бір дамушы мемлекет деп білеміз. Атап айтқанда, елдеріңіз ядролық қаруды таратпауға зор үлес қосып келеді. Және әрқашан өзінің тәжірибесімен бөлісуге дайын. Астана процесін мысалға келтірсек, ол халықаралық теке-тіресті шешуде маңызды рөл атқарды, сондай-ақ Ауғанстандағы мәселені реттеуге де атсалысуда.

Аймақтағы қауіпсіздікке қатысты Н.Назарбаевтың ойлары мен  идеялары саммит барысында басты назарға алынады деген де болжамдар бар. 

Андрей Мамыкин, Еуропалық Парламенттің депутаты:

- Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қырғиқабақ елдерді бітістіріп, дипломатиялық бітімгер ретінде сауда  қатынасын орнатуда алтын көпірге айналды. Сирияға қатысты диалог болсын, Ресей немесе Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ тарапы болсын, Қазақстанның саяси билігі, яғни Президенттеріңіз барлығымен жақсы қарым-қатынас орната білді. Сондықтан Саммит кезінде Қазақстан Президентінің айтқан әрбір сөзіне жаһан жұртшылығы құлақ түретініне сенімдімін.

Азия және Кәрі құрлық елдері көшбасшыларының кездесуі қарсаңында Қазақстанға, әсіресе ондағы сауда және инвестиция саласындағы сенімді әріптестік орнатуға зор үміт артылуда. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы