377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сирия тарапы түрік әскерлерінің елден кетуін талап етіп отыр

  • 827
  • UPD: 21:37, 29.11.2018

Сирияның өз басында жағдай әлі ушығып тұр.

Содырлар бейсенбіге қараған түні Алеппоның адам аяғы көп жүретін Аз-Захра ауданына зымыран атты. Сөйтіп бірнеше бейбіт тұрғын жарақаттанды. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Жаңа Алеппо өңіріне бірден үш зымыран құлаған.

Сирияда азаматтық соғыстың басталғанына – 8 жыл. Әлемнің көшбасшы елдері арағайындық жасап, жағдайды тұрақтандыруға тырысқанмен, мәселе әлі де жетерлік. Өкініштісі бейбіт тұрғындар зардап шегіп отыр. Бүгін Астана процесінде мәлімдеме жасаған сириялық тарап Түркияны қатаң сынға алды. Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Башар Джаафаридің айтуынша, Сочиде қабылданған келіссөздер орындалмай келеді. 

Башар Джаафари, Сирияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Түркия өз міндетін орындамай отыр. Сочи форумында өздері қабылдаған келісімді өздері жоққа шығарды. Түркия тарапы 12 бақылау пунктін орнатуы керек еді. Онда жеңіл қаруланған полиция тұруы тиіс болатын. Ал біз ненің куәсі болдық? Түркия билігі полция емес, оның орнына 11 мың қарулы әскер жіберді.

Джаафаридің айтуынша, Түркия билігі Сирияға шын мәнінде көмектескісі келсе, ел аумағындағы барлық әскерін шығаруы тиіс. Ең алдымен бұл процесті Сирия аумағына заңсыз кіргендерден бастау керек дейді. Сондай-ақ ел аумағындағы америкалық және француз әскерлерінің де елден кетуін талап етті. Егер әскери қызметкерлер дипломатиялық тұрғыда елден кетпесе, Дамаск басқа тәсілге көшетіндігін ескертті. 

Бұл мәлімдемеге алғашқылардың бірі болып Ресей үн қатты. Сириядағы жағдай бойынша Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев Түркияның қадамын қолдайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, елдегі әскерлер жаулау үшін емес, Идлибтегі жағдайды тұрақтандыру үшін жіберілгендігін айтты.  

Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия жағдайы бойынша арнайы өкілі:

– Түркия Астана процесінде кепіл мемлекет ретінде Сирияның тәуелсіздігі, егемендігі, территориялық тұтастығын сақтап қалу үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Ал Сирия аумағындағы түрік бөлімшелері онда уақытша жіберілген. Ол аумақты жаулап алады деген сөз емес.

Түркия мен Сирия арасындағы диалог қалай жалғасатыны белгісіз. Ал кетеуі кетіп тұрған елдің ішінде бүлік салып жүргендер әлі де жетерлік.

БҰҰ Сирия жағдайы бойынша арнайы өкілі Де Мистура қызметін 31 желтоқсан күні аяқтайды. Сирияның оппозиция басшысы бұл жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Ахмад Тома, Сирия оппозициясының басшысы:

– Біз алаңдап отырмыз. Себебі бұл орынға келетін Гейр Педерсен мен оның командасы істі қайта басынан бастап зерттейді. Оның кәсіби маман екеніне күмәнім жоқ. Дегенмен құжаттарды қайта қарау бірнеше айға созылуы мүмкін.

Оның айтуынша, алаңдайтындай мәселе бар. Себебі 2014 жылы Стаффан де Мистура осы қызметіне келгенде, Сириядағы жағдай бойынша құжаттарды зерттеуге көп уақытын жоғалтқан. Сол сияқты Педерсен де мәселенің нақты шешу жолын әлі ұсына қоймас дейді. Ал кепілгерлер қағаз кеміріп, оң-солын анықтағанша, қараша тағы біраз жапа шегетін түрі бар.

Хабар 24 телеарнасы