386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бакуде жас парламентарийлердің VI жаһандық конференциясы өтті

  • 475
  • UPD: 23:35, 15.12.2018

Қазақстандық депутаттар Әзербайжан астанасы Бакуде өткен жас парламентарийлердің VI жаһандық конференциясына қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Заң шығарушы орган өкілдері онда тұрақты даму, бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселелерін және әлеуметтік-экономикалық һәм саяси сала жұмысына белсенді қатысу жайын талқылады.

Әзербайжан Милли Мәжіліс ғимаратында ұйымдастырылған конференцияға әлемнің 44 мемлекетінен 170 делегат қатысты. Мұнда жастар мәселесі қаралды. Әсіресе өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуеті, инновациялық шешімдерді қабылдауға қосар үлесі әрі заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұра білу жағдайлары қамтылды. Елімізде бұл бағытта соны бастамалар қолға алынып келеді.

Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысы келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан қазақстандық қоғам жарқын болашақты бірігіп қамтамасыз етуі қажет. Жалпы, жастарға салынған инвестиция – келешек үшін үлкен қадам. Оларға берілетін әрбір мүмкіндік рухани және кәсіби тұрғыда дамуға жетелейді.

Конференция – қатысушылар үшін өзара тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң. Қазақстандық делегация елімізде жастардың жоғары білім алуы мен баспана мәселесіне тоқталды.

Серік Сәпиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Білім беру саласына біздің елдің Президенті баса көңіл бөледі. Жыл сайын берілетін 50 мың грантқа тағы 20 мыңы қосылды. Ол өз кезегінде техникалық және ІТ-мамандар даярлауға бағытталады. Бұл – әлемдік бәсекелестікке төтеп берудің жалғыз жолы.

Әлем жастары қазір қоғамның тұрақты дамуына басты назар аударады. Себебі, онсыз инновациялық идеяларды жүзеге асыру қиын. Сондықтан қоғам дамуын жеделдетіп, қолайлы орта қалыптастыру қажет. Конференция қорытындысындағы ортақ пайымдардың бірі бұл.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы