378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкімет жетекшісі Алматыға жұмыс сапарымен барды

  • 469
  • UPD: 23:10, 21.12.2018

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасы әрі Президент Жолдауының іске асырылу барысымен танысу мақсатында Алматыға жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үкімет басшысы мегаполисте жас ғалымдар, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, сондай-ақ интеллектуалды мектеп оқушыларымен кездесті. Бұдан кейін озық технологиялар енгізіліп жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және өзге де нысандарды аралап шықты.

Қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі 8 мыңға жуық қазақстандық жас ғалым ғылыми зерттеумен айналысып келеді. 138 жоба аясында отандық ғылыми әзірлемелерді енгізуге мемлекеттік емес көздерден 3,2 млрд теңгеге жуық қаражат тартылған. Жас ғалымдармен кездесу «Ғылым ордасында» өтті. Әңгімелесу барысында жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру және ғылыми дәрежені тағайындау жүйесін жетілдіру мәселесі сөз болды. Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Қазір ғылымды дамыту үшін жақсы жағдайлар жасалуда. Жастарды кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр.

Ерлан Досжанов, химия саласының PhD докторы:

- Біздің студенттерді, магистранттарды немесе жас ғалымдарды шетелге іссапарға жібереді. Яғни ол 2 апта мен 2 ай көлемінің арасында. Немесе жарты жыл, бір жыл көлемі арасында шетелге әртүрлі университеттерге жіберіп отырады. Оның да көптеген пайдасы бар.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр бірқатар білім беру орындарында болып, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің жетекшілерімен кездесті. Басқосуда кәсіби мамандарды даярлаудың жаңа үлгісі талқыланды. Бақытжан Сағынтаев Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында кадр дайындаудың сапасын арттыру керек екенін атап өтті. Жаңа технологиялардың енгізіліп жатқанын ескерсек, қазіргі мамандарды қайта оқытуы мәселесі өзекті болып тұр. 

Олег Сотников, кәсіби мамандарды дайындауға арналған оқу орталығының жетекшісі:

- Бекітілген кәсіби стандарттардың негізінде типтік оқу жоспарлары жасалды. Яғни бұл жерде өзара байланыс орнап отыр. Мамандықтарға байланысты құрылыс компаниялары қандай талап қойса, оқу орындары солай оқытатын болады. 

Алматының теміржол вокзалдары қаланың коммуналды меншігіне өтетін болды. Жұмыс сапары кезінде Премьер-Министрге Алматы-2 теміржол вокзалында іске қосылған «Каршеринг» жүйесі мен аталған нысандарды модернизациялаудың жоспары таныстырылды. Алдағы екі жылдың ішінде вокзалдар қаланың көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев Алматыдағы бірқатар туристік және әлеуметтік нысандарды аралап көрді. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Асқар Серғалиев, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы