384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ: Бейжіңде соңғы 3 жылдың қорытындысы шығарылды

  • 877
  • UPD: 23:08, 21.12.2018

Келер жылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшылығына Өзбекстан өкілі Владимир Норов келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ол осы жауапты қызметті 3 жыл бойы атқарған Тәжікстан азаматы Рашид Алимовтың орнын басады.

Бейжіңде «ШЫҰ – біздің ортақ үйіміз» деп аталған ауқымды шара өтті. Онда соңғы 3 жылдың қорытындысы шығарылды. Жалпы, біз «Шанхай рухы» деген сөзді жиі естиміз. Ал оның мағынасы қандай?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығы Бейжіңде 2004 жылы ресми түрде ашылды. Қытай астанасында оған мүше барлық елдің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан. Бұл бірлесіп жұмыс істеуге ыңғайлы.

Мына композиция Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі мәнін түсіндіреді. Биіктігі әртүрлі болып келетін бағандар мемлекеттер арасындағы айырмашылықты білдіреді. Экономикасы, халық саны және жер аумағы бойынша олар бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен ШЫҰ бірлесіп даму үшін олардың басын қосты.

Мынау 2016 жылы ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері алғаш еккен көгал. Ол гүлденудің символы болып саналады. Кешегі тал-шыбықтар 17 жыл өткеннен кейін тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналды. Әрбір қылқан жапырақтының өз иесі бар. Мысалы, мынау қазақстандық ағаш.

 Хатшылықтың жүрегі – «ШЫҰ хартиясы». Орталығындағы ақ мәрмәр тасқа ұйымның негізін қалаған 6 мемлекет басшысының есімі қашалған.   

17 жылдың ішінде «ШЫҰ хартиясы» өз ұстанымдарының дұрыстығын талай рет дәлелдеді. Бұл өзара сенім, тиімді әріптестік, теңдік, ашықтық, мәдениеттердің көптүрлілігіне құрмет көрсету және бірлесіп даму принциптері. «Шанхай рухы» дегеніміз осы.

2017 жылы Астанада Үндістан мен Пәкістан ұйымға толыққанды мүше болып кірді. Қазір ШЫҰ Бейжіңдегі штаб-пәтерін 8 мемлекеттің елтаңбалары безендіріп тұр. Бұл нақыштарды Тәжікстанның шеберлері қымбат әрі бағалы тастардан жасаған. Ғимаратта сонымен бірге дәстүрі мен мәдениетіне сай жабдықталған әр мемлекеттің өз залы да бар. Оларға бас қалалардың атауы берілген. Мысалы, мынау Астана залы, оның іші қазақы ою-өрнектермен көмкерілген. Төбесінде шаңырақ бар. Астананың жанында Бейжің және Мәскеу залдары орналасқан.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы