375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Министрлікті қайта құрылымдаудың маңызы қандай

  • 246
  • UPD: 23:16, 27.12.2018
Министрлікті қайта құрылымдаудың маңызы қандай Отырар TV

Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі Президент жарлығына сай екі бірдей министрлік қызметі қайта құрылымдалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Құжаттағы негізгі басымдық Сыртқы істер министрлігіне беріліп отыр.

Оның құзыретіне Инвестиция тарту жөніндегі комитет пен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы тұтастай өтті.

Елімізге инвестиция тарту ісі бұған дейін бірнеше министрліктің құзыретінде болды. Енді ол толықтай Сыртқы істер министрлігіне өтті. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптары бойынша солай болуы қажет. Дания, Швеция, Исландия, Канада, Австралия, Бельгия сынды елдердің бұл бағытта тиімді тәжірибесі бар. Енді инвестиция ғана емес, экспортты ілгерілету және сауда-саттықты дамыту да сыртқы ведомство міндеттерінің бір парасы.

Марат Бәшімов, саясаткер:

- Елбасы қанша жылдан бері халықаралық саясатқа көңіл бөлу керектігін айтып келеді. Елшіліктер де түсініп отыр. Ондай тәжірибе Еуропада бар. Сосын сондай тәжірибені қолданып отыр.

Сыртқы істер министрлігінің қызметін экономикаландыру қаржыны игеру кезінде ұқыптылық пән дәлме-дәлдікті қамтамасыз ету дегенді білдіреді. Бұл шешім келешекте кез келген сын-қатерге төтеп беру үшін қабылданып отыр. Себебі, әлемде қаржылық жағдай қиындап барады. Жаһандық дағдарыс ұзаққа созылады деген болжам да айтылып жүр. Сондай-ақ сауда соғысы мен дамушы елдердегі капитал шығысы алаңдауға негіз. Мұның барлығы дипломатиялық әдіс-тәсілдерді жетілдіруге түрткі болды.

Қазақстан – экономикалық тұрғыда ашық мемлекет. Сондықтан сыртқы саясаттағы негізгі бағыт-бағдар – халықаралық саудадағы ел мүддесін ілгерілету мен шетелден капитал тарту. Бұдан бөлек Президент қабылдаған шешім мемлекеттік орган қызметтерінің қайталануын болдырмайды. Және әлемдегі инвестициялық, инновациялық және технологияны дамытуда бәсекеге қабілетті болуды көздейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Қарлығаш Қайыпбекова

Хабар 24 телеарнасы