378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару жұмысы әлі жалғасады

  • 357
  • UPD: 21:31, 11.01.2019

Қақтығыс аймақтарында жүрген 400-ге жуық қазақстандықты елге қайтару бір күндік жұмыс емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды соғыс оты шарпыған елден дін аман алып шығу барынша құпиялықты қажет етеді. Бір белгілісі, гуманитарлық операция бір сәтке де тоқтамайды.

Сириядағы селгелдеңнің Қазақстанды айналып өтпегені өкінішті. Көптеген отандастарымыз Шам еліндегі шайқастарда көз жұмды. Салдарын Ботагөз Мақатова секілді бауыр еті баласынан айырылған қазақстандық ата-аналар көріп отыр. Олар тіпті перзенттерінің қай жерде мәңгілік мекен тапқандарын білмейді. Көңілге демеу болар жалғыз себеп - жат жерде жесір және жетім қалған ұрпақтары бар.

Ботагөз Мақатова, Қарағанды облысының тұрғыны:

- Біз балалармен скайппен сөйлескенде артында мылтықпен адамдар тұратын. «Анам, мені кешір, осылай боларын білмеппін» деп айтатын. Ылғи да жылаймын. Қазір ол жоқ. Келсе деймін, алайда күтудің қажеті жоқ. Ең құрығанда немерелерімді көрсем деймін.

Ботагөз Мақатова - Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны. Баласы 2012 жылы Сирияға бәзбіреулердің алдауымен аттанып, 2016 жылы жан тәсілім еткен. Қасірет тартқан ана перзентін енді көре алмасына көндігіп отыр. Бар арманы - келіні мен үш немересін елге қайтару. Ботагөз олармен әлеуметтік желі арқылы байланысып тұрады. Соңғы рет сөйлескен кезінде қоршаудан шығып, қауіпсіз аймаққа қарай жаяу-жалпы жол тартқандарын айтқан. Оның ендігі үміті - Президент пәрмен берген «Жусан» гуманитарлық операциясының жалғасында.

Бақытбек Рахымбердиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы:

- Мына операция күрделі болды. Қиыншылықтар көп болды. Әлі де біраз азаматтарымыз сол елдерде қалуда. Қазір оның бәрін ашып айтатын болсақ, шараларға өте қатты кедергі болады.

Әзірге Сирияға баласы кеткен 10 шақты ата-ананың өтініші орындалды. Бірінің перзенті, енді бірінің немерелері елге қайтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құқық қорғау органдары және Сыртқы істер министрлігі бірлесіп жүргізіп жатқан операция әлі талай қазақстандық отбасыға қуаныш сыйлауы мүмкін. Адасқанның айыбы жоқ. Тек олар сол қателігін кеш болса да түсініп, бейбіт өмірге бейімделуі қажет.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы