378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лондонда Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметі талқыланды

  • 464
  • UPD: 23:45, 29.01.2019

Лондонда еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі қорытындыланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ұлыбританияның саяси элитасы мен сарапшылары еліміздің аса жауапты қызметті қалай атқарғандығы және мемлекет алдында тұрған міндеттер туралы өз пікірлерін білдірді.

Айта кету керек, іс-шара өткен Вестминстер сарайындағы Church House ғимаратының тарихи маңызы ерекше. 70 жылдан астам уақыт бұрын дәл осы жерде Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің ең алғашқы отырысы өткен. Ал бүгін мұнда Біріккен Корольдіктің ірі саяси элитасы еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігін талқылап жатыр. Ұлыбританияның Еуропа және Америка істері бойынша мемлекеттік министрі Алан Данканның айтуынша, мүшелік еткен жылы Қазақстан ұйытқы болған жаһандық бастамалар елдің халықаралық аренадағы абыройын асқақтата түсті.

Алан Данкан, Ұлыбритания мемлекеттік министрі:

- Меніңше, сіздер аймақта көшбасшы екендіктеріңізді көрсетіп, Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерге үлгі бола білдіңіздер. Шынымен де әлемнің саяси картасында Қазақстанның беделі шарықтады. Алдағы уақытта көрші елдердің Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысына белсенді түрде араласуына себепші боласыздар деген үміттемін.

Қонақтар қатарында Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, шетелдік дипломаттар, Біріккен Корольдік Парламенті Лордтар және Қауымдар палаталарының мүшелері болды. Британиялық сарапшылар Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіндегі қызметін қорытындылай отырып, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және халықаралық шиеленістерді шешу сияқты еліміз бас-көз болған мәселелерге ерекше назар аударды.

Лорд Лотиан, жаһандық стратегия форумының төрағасы:

-  Бейбітшілік орнату үшін екі нәрсе керек. Біріншісі – диалог, екіншісі – сол сұхбатты өткізетін орын. Қазақстанда мұның бәрін ұтымды пайдалана білді. Болашақта мемлекет осы бағытта жұмыс істей береді деген үміттемін.

Сондай-ақ шара барысында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымында жасаған жұмыстары жайлы арнайы фотокөрме ұйымдастырды және бейнефильм көрсетті. 

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Бейбіт Мәдиұлы

Хабар 24 телеарнасы