375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Г.Әбдіқалықова Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды

  • 304
  • UPD: 23:06, 05.02.2019

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барды. Ол жергілікті және қазақстандық Іскер әйелдер Кеңесінің бизнес форумына қатысты. Жиында сөз алған Мемлекеттік xатшы тараптар арасындағы байланыстың нығаюы мен түрлі салалар бойынша серіктестікті дамытудың маңызын атап өтті. Өз кезегінде жергілікті іскер әйелдер кеңесінің өкілдері де бірлескен жобаларға дайын екендерін жеткізді.

Сондай-ақ форумда тізгінін қыз-келіншектер ұстап отырған кәсіп түрлерінің дамуы, қазіргі жағдайдағы гендерлік саясат, инвестиция тарту  және туризм сияқты мәселелер де көтерілді. Әсіресе, соңғысына баса мән берілді. Жиын барысында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы таныстырылды. Ондағы мақсат - елімізге келетін саяxатшылардың санын арттырып, жалпы ішкі өнімдегі туризм үлесін 8 процентке жеткізу. Ал форум соңында тараптар меморандумға қол қойды. Құжат сауда, бизнес, экономика, өндіріс, теxнология салаларындағы бірлескен жобаларды қолдауға бағытталған. Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктерінің Іскер әйелдер кеңесі 2001 жылы құрылған. Қазір құрамында 25 мыңнан астам кәсіпкер қыз-келіншек бар.

Ләззат Рамазанова, «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Бизнестің қарқынды дамуы үшін бір емес бірнеше бағыттың ашық екенін бәріміз білеміз. Дегенмен, бүгінгі форумның бас мақсаты - ҚР мен Эмираттың бизнесте, саясатта жүрген қыз-келіншектердің қарым-қатынасын нығайту. Форумда алдымызға зор мақсат қойып отырмыз. Біріншіден, Қазақстанның 17 өңірінен келген бизнес xанымдар өз бизнесін дамытуда жаңа белестер көре ме деген үміттеміз.

Бұдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Федералдық ұлттық мәжілістің төрайымы Амаль Аль-Кубейсимен кездесті. Кездесу барысында еліміздің Мемлекеттік xатшысы Араб Әмірліктеріндегі  заң жүйесінің гендерлік саясатты сәтті жүргізуге ықпал етіп отырғанын атап өтті. Мәселен, жуырда қабылданған құжатқа сәйкес, 2021 жылға дейін ел парламентіндегі депутат қыз-келіншектердің үлесі 50 процентке жетуі тиіс. Айта кетейік, қазірдің өзінде мұнда 8 министрлікті әйел адам басқарып отыр. Ал Амаль Әл-Кубейси өз кезегінде, қос мемлекетте де гендерлік теңдік мәселесіне қатысты жетістіктердің көп екеніне тоқталып, оның дәлелі ретінде Гүлшара Әбдіқалықованың Мемлекеттік xатшы қызметін абыроймен атқарып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы парламентаралық байланыстың берік екенін айтты.

Хабар 24 телеарнасы