378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Гүлшара Әбдіқалықова БАӘ-де бірқатар кездесу өткізді

  • 402
  • UPD: 22:07, 07.02.2019

Мемлекеттік хатшы онда қыз-келіншектерден құралған қазақстандық делегацияны бастап барған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар Әбу-Даби, кейін Дубай шаһарында болып, бірқатар жиынға қатысты.

Қазақстан астанасында құрылысы осыдан 9 жыл бұрын басталған «Әбу-Даби плаза» кешені 2020 жылы толық салынып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы еліміздің Мемлекеттік xатшысы мен Біріккен Араб Әмірліктері Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Мұxаммед әл-Румейсидің арасында болған кездесуде айтылды.

Еске салайық, жоба 2016 жылы аяқталуы тиіс еді.

Сондай-ақ жиын барысында тараптар қос мемлекет арасындағы байланыстың жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Әсіресе құрылыс саласында айтарлықтай ілгерілеу бар көрінеді. Соның бір көрінісі еліміздегі компаниялардың бірі Әмірліктерде шойынжол құрылысын жүргізуге мүмкіндік алды. Келісім бойынша қазақстандық серіктестік алдағы уақытта араб даласына 150 шақырым теміржол төсеп беруі тиіс. Бұдан бөлек инвестиция көлемін арттыру және алыс-берісті көбейтудің бағыттары да талқыланды. Бұл жиыннан соң Гүлшара Әбдіқалықованы БҰҰ-ға қарасты Әйелдер құрылымының Әмірліктегі кеңсесінің жетекшісі Моза әл-Шаxxи қабылдады. Кездесу барысында Мемлекеттік xатшы Қазақстандағы әйелдер мәртебесіне қатысты бастамаларға тоқталды. Мәселен, елімізде қыз-келіншектердің құқығын қорғауға арналған 2 заң қабылданып, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілген. Құжат гендерлік және отбасылық саясатты жүргізуге бағытталған.

Айта кетейік, бұл мәселемен 300-ден астам үкіметтік емес ұйым айналысады. Ал Моза әл-Шеxxи өз кезегінде елде құқық қорғау мекемелеріндегі әйелдер үлесін көбейтудің мықтап қолға алынғанына назар аударды.

Бұл ресми кездесулерден бөлек, тағы бірнеше жиын жоспарланған. Дубайда басталып, Әбу-Даби қаласында жалғасқан еліміздің Мемлекеттік xатшысының жұмыс сапары енді Шаржы шаһарында түйінделмек.  

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы