389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы қалай?

  • 932
  • UPD: 15:24, 12.02.2019

Дәл қазір елордада Үкімет отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Күн тәртібінде қойылған алғашқы мәселе – жаңа жылдың алғашқы айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің атқарылуы. Сондай-ақ жиында талқыланып жатқан өзекті сұрақтың бірі – атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығы.

Қыстың аяқталар кезі мен көктемнің басталар тұсында қазақстандықтардан маза кетеді. Әсіресе өзен-көлге, су қоймаларына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының күдігі күшейе түседі. Оған себеп те жоқ емес.

Жыл сайын сіз бен біздің көз алдымызда ондаған елді мекенді су басатыны белгілі. Соның салдарынан кей азаматтар дүние-мүлкінен айырылып, тіпті баспанасыз қалып жатады. Міне, осындай апатты жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мекеме өкілдері қазірден бастап  дайындықты пысықтауға көшті. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, су тасқыны болған жағдайда іске кірісетін жедел бригадалар құрылған. Олар 2 мыңнан астам арнайы теxникамен жабдықталған. Сондай-ақ ішінде инертті материалдары бар 56 мың қап әзірленіпті. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде теxниканың жұмысын бір сәтке де тоқтатпас үшін 360 мың тонна мөлшерінде жанармай қоры жасақталған. Ал энергокәсіпорындар су басу қаупі жоғары аймақтарда электр желілерін тексеруді қолға алды. «Қазгидромет» 1 наурыздан бастап апта сайын синоптикалық деректердің негізінде гидрологиялық болжам ұсынуды бастайды. Жағдай күрт өзгерсе, жиілік 3 күнге дейін қысқаруы ықтимал.

Жалпы бұл апаттың алдын алуға арналған соңғы жиын емес. Енді 3 күннен соң Энергетика министрлігі жауапты ұйымдарды біріктіріп, селекторлық салалық кеңес өткізуді жоспарлап отыр.

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы