378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үкіметтің жаңа құрамы Президент қойған үдеден шығып, артылған сенімді ақтай ала ма?

  • 377
  • UPD: 23:24, 25.02.2019

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлер кабинетінің құрамы 70 пайызға дейін жаңартылуы тиіс.

Мұны Мәжіліс депутаттары айтты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Жауапты қызметтерге бұған дейін нәтижелі жұмыс істеген азаматтардың кандидатуралары ұсынылды. Лауазымды орындарға келгендер Президент қойған үдеден шығып, артылған сенімді ақтай ала ма?

Формализм, инерция, тұрақты түрде есеп беру, көрсеткіштерге ғана жұмыс жасау – бұл бұрынғы Үкіметтің жұмысындағы негізгі ақаулар. Саясаттанушылардың пікірі осындай. Министрлер кабинетімен қатар әдетте негізгі қызметтерді орындауда сауатты болжам жасау, бастамашыл болу, мемлекеттік бағдарламаларды соңына дейін жеткізу талабы қашан да жоғары тұруы керек. Бақытжан Сағынтаев басқарған министрлердің отставкіге кетуі де сондықтан болды.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

- Жаңа Үкімет бірінші кезекте министрліктердің қызмет сапасына аудит жүргізетін болады. Екіншіден, министрліктер құрылымындағы әрбір қызметкердің жұмыс тиімділігі ескеріледі. Асқар Маминнің алдына қойылып отырған басты тапсырма – жаңа қадамдар арқылы жаңа форматқа көшу. Президент жаңа Үкімет басшысына осыған мүмкіндік беріп отыр.

Үкіметтің қайта құрылуы жаңа Премьер-Министрдің тағайындалуынан басталды. Жұмысты дұрыс арнаға бұра алатын, жан-жақты әрі білікті маманның министрлер кабинетіне жетекшілікке қою маңыздылығы осындайда керектігі белгілі. Мәжілісмендер Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады. Елбасының оған деген сенімі мен мансабындағы жетістіктері де ескепрілгені сөзсіз. Ендігі бағыт – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, Мемлекет басшысының жолдауында айтылған 5 бастаманы негізге ала отырып, әлеуметтік саланы жетілдіру.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мамин басқаратын Үкіметтің ерекшелігі қандай болмақ? Бұрынғы үкіметтің жұмысы мемлекеттік бағдарламалардың аяғына дейін жетпей қалуымен есте қалды. Мұны Елбасы да белгілеп айтты. Үкімет деңгейінде айтылған кемел келешекке әкелер жоспарлар іс жүзінде орындалмады.

Сарапшылардың санауынша, егер Асқар Мамин өзінің жетекшілік қабілетін өз деңгейінде көрсете білсе, бұрынғы олқылықтардың орны толар еді. «Жаңа команда жұмысы мейлінше ашық болып, халықпен байланысы нығаюы шарт», – дейді сарапшылар. Жалпы, Мемлекет басшысы жаңа министрлер кабинетінің құрамына жаңа тапсырмаларды «Нұр Отан» партиясының кезекті құрылтайында бермекші.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Елена Шрайбер, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы