389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қоғамдағы түйткілдердің шешілуіне атсалыспаған Nur Otan-ның жергілікті филиалдары сынға ілікті

  • 493
  • UPD: 23:38, 15.03.2019

Әлеуметтің әлеуетін көтеру жөніндегі Президент бастамаларын орындау барысы қалай жүріп жатыр?

Бүгін елдегі жетекші саяси ұйым мүшелері осы мәсәлені талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Әсіресе жаңадан қолға алынған партиялық жобалардың жүзеге асырылуына басымдық берілді. Қоғамдағы түйткілдердің шешілуіне атсалыспаған жергілікті филиалдар жұмысы да сынға ілікті.

Nur Otan – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Әлеуметтің әлеуетін, мұң-мұқтажын, жалпы түгел толғандырған түйткілін басты назарда ұстауы тиіс саяси ұйым. Таяуда өткен партия съезінде қоғамда қордаланған көп мәселе талқыланды. Президент оларды нақты шешу жолдарын ұсынып, қазынадан қыруар қаржы бөлуді міндеттеді. Қолға алынған бастамаларды бақылау нұротандықтарға жүктелді.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыз бізге 4 нақты жобаны анықтап берді. Олар: бақытты отбасы, құтты мекен, ауыл – ел бесігі, халыққа көмек. Осы төрт жобаны біз, партия мүшелері жүзеге асыруымыз керек. Алдағы уақытта осы жоба жұмысымыздың негізі болады. Бұл жобаларды ұлттық деп айтсақ болады. Өйткені олар көптеген мәселелерді қамтиды.

Қоғамда күн сайын күрделі мәселелер туындап тұрады. Баспанаға мұқтаждық, жұмыссыздық, тарифтердің қымбаттауы, тағысын тағы. Бұған қоса кейбір өңірлерде ауаның ластануы, су тасқыны, балықтың қырылуы сынды экологиялық мәселелер оқтын-оқтын көтеріледі. «Мұның барлығының алдын алуға партия мүшелері белсенді атсалысуы қажет. Бүгін партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев әріптестеріне осындай үндеу тастады. Айта кетейік, басқосуға бейне байланыс арқылы өңірлік филиал өкілдері де қатысты. Оларға орталық орган тарапынан қандай мәселелерге басымдық беру қажеттігі айтылды.

Тамара Дүйсенова, Nur Otan партиясының хатшысы:

- Қоғамның осал топ өкілдерімен жұмыс істеуіміз керек. Олардың мемлекеттік көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау – біздің міндет. Еңбекке қабілетті жандарды оқытуға, жұмысқа орналастыруға, несие алып, кәсіп бастауына мүмкіндік көп. Соны жұртшылыққа еш кедергісіз жеткізсек, көзделген мақсат-міндеттің орындалғаны.

Жалпы Nur Otan партиясының съезінде саяси ұйымның арнайы бағдарламасы қабылданған болатын. Сәйкесінше әлеуметтің әлеуетін арттыру, аз қамтылған отбасыларды қолдау, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту сынды мәселелер алдағы 10 жылдық жоспарға енді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы