377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР Премьер-министрі А. Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды

  • 209
  • UPD: 18:06, 16.03.2019

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  Премьер-Министр Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Онда Үкімет басшысы Түркістан қаласындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, шаһарды дамыту жөніндегі кеңеске қатысты. 

Түркістан – тек түркі жұртының мәдени-рухани астанасы ғана емес, бүгін де төрткүл дүние көз тіккен заманауи, әрі болашағы жарқын шаһарлардың қатарына кірді. Алдымен Үкімет басшысы Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыс әкімдігі мен басқармалардың және департаменттер үйі салынып жатқан алаңды аралады.  Аталған нысандар келер жылы пайдалануға беріледі. Жалпы Түркістанды жасыл желекті шаһарға айналдырып, суландыру жүйелерін дамыту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған.

Еркін Жүсіп, «Астана Бас жоспары» жобалау институты директорының орынбасары:

- Қаланың солтүстік жағынан канал өтеді. Сол каналды қаланың ішіндегі суландыру жүйелеріне пайдаланамыз. Суды арық арқылы әкеліп, кесенені айналдыра сол маңдағы түрлі нысандарға, ол жерде жаңа бір қалашық пайда болады. Осының бәріне суландыру жүйесі, бассейн, көлшіктер  мен арықтар арқылы өткіземіз.

Түркістан облыс орталығы болғандықтан халық саны да артып, жұмыс кұші көбейіп келеді. Сондықтан биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан 88 көпқабатты тұрғын үйдің 44-ті пайдалануға беріледі. Жалпы «7–20–25» бағдарламасы бойынша 2 977 пәтер үлестіріледі. Бұл көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуге ықпал етеді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Қасиетті Түркістан жерінде Елбасы тапсырмасын іске асыруға ие болып отырмыз. Осы ретте берілген тапсырмаларды іске асыру қажет. Тапсырманы тиімді орындау үшін жұмыс істеуіміз керек. Әкімдер уақыт бөліп, Түркістанның құрылысын жеке бақылауға алыңыз.  

Жалпы Елбасы тарапынан Түркістанды түркі дүниесінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сапар соңында Үкімет басшысы қала дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиынға облыс әкімдері қатысып, өздеріне міндеттелген нысандарды салу бойынша есеп берді. Премьер-Министр Елбасы тапсырмасын уақытылы орындауға барлық жағдай жасалғанын, қажетті қаржы толық бөлінгені атап өтті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, енді тек құрылыс жұмыстарын күшейтіп, қажет болған жағдайда қосымша құрылысшыларды тартуды тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы