380.89 423.60 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаев: Қасиетті Отанды одан әрі дамыту жас ұрпаққа жүктелді

  • 402
  • UPD: 09:46, 20.03.2019

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеуін жария етті. Ол ел президенті лауазымынан өз еркімен бас тартып, өкілеттігін тоқтату жөнінде шешім қабылдағанын мәлімдеді.

2019 жыл, наурыздың 19-ы, бүгінгі күн енді ел тарихында ерекше датаға айналады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы бері атқарып келген қазақ елінің президенті лауазымынан өз еркімен бас тартты. Өкілеттілікті тоқтату жөніндегі шешімді ол кешкі сағат 19-да халыққа үндеу ретінде жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті билік тізгінін елең-алаң шақта ұстады. Кеңес Одағы ыдырап, экономика тығырыққа тірелген тұста дағдарыстан даурықпай шығудың жолын іздеді. Көздеген мақсат, межелі міндетті айқындап, тізгінді бір сәтке де босаңсытпады. Нәтижесінде қазақ елі ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздікті мәңгілік мұра етті. Өткенді екшеп, болашақты болжай білген саясаткер экономика салаларында да соны сүрлеу салып, өз халқын бір мақсат, бір мүдде жолында жүруге үндеді. Тұңғыш Президенттің даналығы мен даралығы да осында жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық. Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық. Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға көшті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі қолға алынды. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді. Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық. Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жолға қойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес. Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірнеше мәрте Президент сайлауы болды. Саяси додалардың барлығында Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сеніміне иеленіп келді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім. Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін. Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді.

Мемлекеттің негізін қалаушы ретінде елбасының ендігі міндеті – жаңа буын басшылардың билікке келуін қамтамасыз ету. Олар Қазақстанды жаңғырту процесін одан әрі жалғастыруы қажет. Конституциялық ережеге сәйкес, Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның міндеті Сенат төрағасына беріледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігі келер жылы аяқталуы тиіс болатын. Содан кейін ғана Президент сайлауы өтуі керек. Сондықтан Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси науқанға дейін мемлекет тізгінін ұстайтынын мәлімдеді. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Президент ретіндегі соңғы жарлығына қол қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіз елді, қасиетті Отанды одан әрі дамыту енді жас ұрпаққа жүктелді. Тұңғыш Президент салып кеткен сара жолды жалғау, мәңгілік елдің тұғырын нығайту, заң үстемдігін сақтау - бүгінгі қоғамның басты міндеті әрі діттеген межесі болуы тиіс.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы