378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н. Назарбаевтың мәлімдемесіне қатысты қырғызстандық саясаттанушылар пікір білдірді

  • 208
  • UPD: 19:24, 20.03.2019

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін тоқтату туралы шешімін Қырғызстан билігі өкінішпен қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ел сарапшылары бұл заманға сай дұрыс шешім деп отыр. Айтуларынша, бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес. Яғни орайластырылған нақты қадам. Ең бастысы, бұл ел қамын алға қойған Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси еркі дейді сарапшылар.

Қырғыз елі Қазақстан билігіндегі ауыс-түйістерді мұқият бақылап отыр. Мұның себебі де түсінікті. Қос мемлекет өзара тығыз байланыста болғандықтан, саяси басшылықтағы кез келген өзгерістер екіжақты қатынастарға әсер ететіні анық. Бауырлас елмен байланыстар ондаған жылдар бойы қалыптасып келген. Қырғыз сарапшылары бұған негізінен Елбасының еңбегі сіңді деп санайды.

Игорь Шестаков, сарапшылардың аймақтық клубының президенті:

– Нұрсұлтан Әбішұлы саясаткер ретінде тәуелсіздік жылдары Қазақстанда саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтап келген. Өз жауапкершілігін сезіп, 2000 жылдары бұрынғы Кеңес республикаларында болған революциялардан елін аман алып шықты. 

Қырғызстан билігіндегі бұрынғы ауыс-түйістер бүлікке әкелгені белгілі. Көрші ел азаматтары Қазақстанға да осындай қатер төнуі мүмкін деп санаған еді. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйе беріктігін дәлелдеді. Қырғыз сарапшылары халыққа жасаған үндеуінде Елбасы осы қадамының дұрыстығы мен маңыздылығына сенетіні сезілгенін ерекше атап өтті.

Марат Қазақбаев, саясаттанушы:

– Бәрі есептеліп, ойластырылған болатын. Әрине бұл күтпеген жаңалық емес. Қазақстан билігі осыны біліп, президенттің кез келген сәтте өз шешімін жариялайтынына дайын болған. 

Тағы бір маңызды мәселе, билік сабақтастығы болып отыр. Қырғызстан тарапы еліміздің жаңа басшысы екіжақты қатынастарымызға үлкен көңіл бөлетініне сенімді.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы