377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президент Шымкенттегі жаңадан ашылған медициналық мекеменің жұмысымен танысты

  • 273
  • UPD: 20:17, 23.03.2019

Мемлекет басшысының оңтүстіктегі сапары Шымкент қаласында жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі шаһарда бой көтерген жаңа Әкімшілік-іскерлік орталыққа аялдап, оның жұмысымен танысты. Ізінше қаладағы ірі тігін фабрикасына арнайы барды. Сапарының соңында қаладағы жаңадан ашылған медициналық мекеменің жұмысымен танысты.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

– Шым шаһардың шырайын келтіріп, келбетіне көрік қосатын аумақ осы. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шымкенттің жаңа Әкімшілік-іскерлік орталығында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Тақтайдай тегіс жолдар төселіп жатыр. Инфрақұрылым да біртіндеп жақсарып келеді. Қаланың жаңа келбетін қалыптастыруға Қазақстанның Тұңғыш Президенті септескен. Сондықтан шаһар билігі мұндағы ең ірі даңғылға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім қабылдады.

Елбасы пәрменімен былтыр Шымкент қаласы еліміздегі үшінші мегаполис атанған еді. Халық саны миллионнан асқан шаһардың адымы алшаң қазір. Өркен жайған өңірге бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі әкімшілік-іскерлік орталықта жүзеге асып жатқан жобалармен танысты.

Әкімшілік-іскерлік орталық 20 гектардан астам аумақты алып жатыр. Қазір мұнда 47 тұрғын үй бой көтерген. Шамамен 3 мыңға жуық пәтер қолданысқа беріліпті. Жеке инвесторлардың көмегімен 14 баспана салынған.

Қазір қала солтүстік батысқа қарай дамып жатыр. Мегаполиске жаңадан қосылған «Тұран» шағын ауданында осы күні 4 мыңға жуық адам тұрады. Шаһар билігі мұндағы тұрғындардың тұрмысын тіктеу үшін бірнеше жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Осы тұста «Шымкент сити» шағын қалашығының да іргесі қалануда. Қазіргі уақытқа дейін 2 мыңға жуық пәтер қолданысқа берілген. Жаңа үйлер бірінші кезекте жағдайы жұтаң көп балалы отбасыларға үлестірілді. Тұрғын үй кешендерінің маңында мектеп, бөбекжай және емханалар да салынады.

Өңірде өнеркәсіп те өркендеп келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетілуде. Қалада қарымын күшейткен кәсіпорындар жетіп артылады. Солардың біріне Мемлекет басшысы барып, өндіріс орнының әлеуетімен танысты.

Шымкенттегі бұл мақта комбинаты отандық жеңіл өнеркәсіптің көш басында тұр. Тұрмыстық тоқыма бұйымдарын әзірлейтін фабрикада 650 адам еңбек етеді.

Тігін фабрикасы дайын өнімдерімен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек, отандық бұйымдарды кәрі құрлықтағы бірнеше мемлекетке жөнелтіп жатыр. ТМД аумағында да кең сұранысқа ие. Сондықтан фабрика басшылығы алдағы уақытта өнім көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Сапар соңында Мемлекет басшысы қалада жаңадан ашылған медициналық орталыққа да барды. Заманауи емхана озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Ерекшелігі сол, бұл мекеме халықаралық додаларда бақ сынайтын спортшыларды алдын ала тексерістен өткізе алады.

Бұл нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Орталықта 140 дәрігер жұмыс істейді.

Бір сөзбен айтқанда Шымкент қазір қарыштап дамып жатыр. Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті пәрмен берген жобалар біртіндеп жүзеге асуда.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Өмірбек Ізімов, Бақытбек Нұртаев

Хабар 24 телеарнасы