378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет басшысы Қорғастағы бірқатар нысанды аралады

  • 149
Үкімет басшысы Қорғастағы бірқатар нысанды аралады primeminister.kz

Үкімет басшысы Асқар Маминнің Алматы облысына жұмыс сапары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр алдымен Панфилов ауданында болып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі су тасқынының алдын алу меселелерін пысықтады.

Бұдан бөлек, «Нұр Жолы» өткізу пунктінің, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының және «Қорғас - Шығыс Қақпа» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты.

Үкімет басшысы Қорғас өзенінде салынып жатқан селден қорғаныс нысандарын аралап, жағалауды нығайту жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатқа 30 млрд теңге бөлінген. Қазір соның 8,8 млрд теңгесі игерілді. Оған 5 шақырымдай жағалау нығайтылып, Басқұншы ауылы мен «Достық» гидроторабына дейінгі автожол жөнделді. Бүгінде жалпы ұзындығы 40 шақырымдық Шұқырбұлақ-Қазанкөл жолы жасалып жатыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының шекарасындағы «Нұр Жолы» өткізу пункті өткен жылы ашылды. Ол толық қуатымен жұмыс істей бастаған кезде күніне 2,5 мың жүк көлігін өткізе алады. Бұл нысан болашақта 700-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, қазынаға 300 млрд теңгеден астам түсім түсіруге мүмкіндік береді.

Ілияс Жайлыбаев, жеке серіктес:

– «Нұр Жолы» өткізу пункті ашылған 6 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке 7 млрд теңге түсім түсті. Алдағы уақытта бұл көлем 3 есеге дейін артатын болады.

Ал «Қорғас - Шығыс Қақпа» арнайы экономикалық аймағы жобасын жүзеге асыруға 77,3 млрд теңге жұмсалды. Бизнес үдерістер түгелдей автоматтандырылған. Мұнда болашақта 100 шақты ірі кәсіпорын орналасады.

Нұрлан Тоғанбаев, Құрғақ порттың коммерциялық директоры:

– 2017 жылмен салыстырғанда жүк көлемі 1,5 есе өсті. Биыл 2019 жылы жүк көлемі тағы 1,5-2 есеге дейін өседі деп күтудеміз. Күнделікті 5-6 контейнер пойызын тиейміз.

Аумағы 560 гектар жерді алып жатқан «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы күніне 5 мың адамды қабылдай алады. Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аймақтарын дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселесінде бұл халықаралық орталық маңызды рөл атқарады. Мұнда аумағы 3500 шаршы метрлік жүк өткізу терминалы жұмыс істеп тұр.

Нұрлан Жайлаубай, жүк өткізу терминалының директоры:

– Көлік инфраструктурасына 489 млн теңге құйылған болатын. Оның ішінен 26 туристер мен келушілерді тасымалдайтын автобус, 30 такси және 17 жүк көлігі сатып алынды. Бұдан бөлек Қытай аумағында біздің 6 жүк қабылдау пунктіміз бар.

Премьер-министр Қорғастағы бірқатар сауда орнын аралап көріп, халықаралық орталықтың басшыларына инвестициялық ахуалды барынша жақсартуды тапсырды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы