379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Премьер-министрге Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді

  • 133
  • UPD: 22:17, 23.03.2019

Асқар Мамин облыс орталығы – Талдықорғанда болып, қаладағы индустриялдық аймақ пен «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын-үйлердің құрылысымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейін шаһардағы онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын орталыққа бас сұқты. 

Премьер-министр Асқар Мамин алдымен «Талдықорған» индустриялдық аймағына барды. Мұнда теміржол мен газ тартуға байланысты барлық қажетті желілер жүргізілген. Таяуда бұл жерде жалпы жиынтығы 14 миллиард теңге болатын 5 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар басталады. Бұл бастамасы ғана,- дейді мамандар. Индустриялдық аймақта 70-ке жуық кәсіпорынды орналастыруға болады. Жалпы Алматы облысында осындай 6 индустриялдық аймақ құрылады.

Ал онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында ТМД елдері бойынша бірінші болып ашылған жағдаяттық орталықта телерадиологиялық кешен орнатылған. Ол облыстың 13 емдеу мекемесіндегі қондырғылармен тікелей жалғанған. Жасанды интеллект ол жердегі ақпаратты жедел саралап, рентген суретінен обырдың бар-жоғы, кезеңі туралы нақты ақпарат береді. Бағдарлама іске қосылғалы бері 36 мыңнан астам зерттеу жүргізіліп, 200-ге жуық онкологиялық аурудың алғашқы белгісі анықталған.

Асқар Мамин тұрғын-үй құрылыстарының барысымен де танысты. Биыл аймақта мың пәтерден тұратын 333 үй салу жоспарланған. Сонымен бірге «7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін 36 құрылыс алаңы анықталып отыр. 2022 жылға дейін жалпы көлемі 1 миллион шаршы метрден асатын мыңға жуық үй салынады. Премьер-министрге облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берілді. Барлық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім бар. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 800 миллиард теңгеден асқан. Әлеуметтік салаға баса назар аударылып отыр. Мәселен, көп балалы отбасыларды қолдаудың әлеуметтік картасы жасалып, оған 3 миллиардтан астам теңге бөлінбек. Осы бағдарлама бойынша көп балалы отбасылар үшін 120 пәтерлік 2 үй салынбақ. Аналардың үйде отырып-ақ жұмыс істеуіне, шипажайларда демалып, емделуіне, ал мектеп пен балабақшадағы балалардың тегін тамақпен, киіммен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалады. Абитуриенттер үшін жыл сайын 100 білім беру гранты бөлінеді.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы