379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға барды

  • 158
  • UPD: 19:59, 26.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматыға ұшып барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті жастар Тұңғыш Президентті әуежайдан қарсы алып, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында атқарған еңбектері үшін жүзбе-жүз алғыстарын жеткізді.

Алматы әуежайына жиналған екі мыңға жуық студент Тұңғыш Президенттің ұшағын тағатсыздана күтіп тұр. Олардың дені Елбасымен алғаш рет жүздеспекші. Жастардың Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысы мол.

Турал Мәмедов, студент:

– Ол кісінің қаншалықты бізге қолдау көрсеткенін барлығымыз білеміз. Оның дәлелі бөлініп жатқан гранттардың көбейгені.

Мағжан Отантаев, G-38 студенттік ұйымының өкілі:

– Бүгінгі күні Алматы қаласында, яғни ЖОО-орындарында жатақхана мәселелері жақсы күйде шешіліп жатыр.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы арқылы осы жылдан бастап қалада білім гранттары 1,5 есеге өсіп, 28 мыңға жетті. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардан шыққан үздік оқушылар мен студенттерге арнайы стипендия тағайындалды. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қалада жастардың Лофт-орталығы жұмыс істеп, ескі кітапханалар қайта іске қосылды. Жастар арасындағы жұмыссыздық та азайып, өтініш тастағандардың 91 проценті еңбекпен қамтылды.

Бақтияр Сәбденәлиев, университет қызметкері:

– Алматы қаласы өздеріңіз білетіндей, тәуелсіздіктің алтын бесігі. Студенттер қаласы. Жастарымызға деген әрдайым қамқорлығын, назарын бөлгеніне алғыс айту үшін бүгін жиналып отыр.

Бұл Нұрсұлтан Назарбаев үшін күтпеген кездесу болды. Жалындаған жастардың көтеріңкі көңіл-күйін көрген Тұңғыш Президент олармен емен-жарқын әңгімелесіп, бірге ән шырқады.

Жастар жылында Алматы студенттерімен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы жас ұрпақтың алдында тұрған ең басты міндет – ел тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын дамыту екенін тағы бір ескерді.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті:

– Менің айтатыным, бақыттысыңдар! Мынадай Алматы сияқты керемет қалада оқып жатырсыңдар, білім алып жатырсыңдар. Бәріміздің Отанымыз біреу, ол – Қазақстан! Бәріміздің істейтін шаруамыз – тәуелсіздікті сақтап қалу. Баршаларыңа шын жүрегіммен зор болашақ, денсаулық тілеймін.

Кездесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпаққа батасын беріп, оларға үлкен сенім артатынын айтты.

Авторлары: Алуа Маханбет, Асқар Серғалиев, Эдуард Кон

 

Хабар 24 телеарнасы