384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық депутаттар Жапонияға жұмыс сапарымен барды

  • 582
  • UPD: 23:31, 28.03.2019

Олар жапон әріптестерімен ядролық қаруды таратпау, ғарышты игеру, мәдениет және спорт салаларындағы өзара ынтымақтастықты талқыға салды.

Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева Жапония парламенті қос палатасының төрағаларымен келіссөздер жүргізіп, Еуразия парламенттері спикерлерінің 4-Кеңесіне ресми шақыру тапсырды.

Қос ел депуттаттарының кезекті кездесуі жылы өтті. Қазақстан делегациясының басшысы, Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева мен Кеңесшілер Палатасының төрағасы Чуичи Датэ екіжақты қатынастарымыз, атап айтқанда парламентаралық ынтымақтастық жоғары денгейде дамып келе жатқанын атап өтті. Екікүндік сапары барысында депутаттарымыз Жапония парламенті төменгі палатасының төрағасы Тадамори Ошиамен де кездескен. 

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

- Қос елдің басшылары соңғы 5 жылда 7 кездесу өткізген. Осындай қарқынды байланыстарымыз  парламенттік және үкіметтік деңгейде жалғаса беруі керек. Бізді ауыл шаруашылығы мен энергетикада өзара әрекеттесу, сондай-ақ әрине жоғары технологиялар мен ақпараттық-байланыс салаларындағы Жапония тәжірибесі қызықтырып отыр.

Жапонияның заң шығарушы органында Қазақстанмен Парламенттік достық лигасы 25 жыл бойы еңбек етіп келеді. Бұл қос елдің депутаттарына тиімді диалог жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашып отыр.

Ясуко Комияма, Жапония парламенті өкілдер палатасының мүшесі:

- Парламентаралық кездесулер елдер арасындағы қатынастардың дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Депутаттарымыз арасында байланыстар нығайғаны маңызды. Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан мен Токио арасында тікелей әуеқатынас орнайды. Жолға кететін уақыт 11 сағаттан бес сағатқа дейін азаяды. Бұл да келіссөздерді жиірек өткізуге әсер етпек.

Кента Идзуми, Жапония парламенті өкілдер палатасының мүшесі:

- Қазақстан мен Жапония арасында ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық байланыстар да, қарқынды дамитынына сенімдімін. Қазақстан мен Жапонияның тамаша мәдениеті бар және біз қос елдің жас ұрпағы арасындағы өзара байланысты күшейтуге ниеттіміз.

Заң шығарушы органдардың диалогы екіжақты түрде ғана емес, кең форматта да жалғасады. Биыл қыркүйек айында әлемдегі ең ірі құрлық Еуразия парламенттерінің спикерлері Нұр-Сұлтанда өтетін 4-Кеңеске қатысады.

Авторы: Әйгерім Оразалиева

Хабар 24 телеарнасы