379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атамекенге аңсары ауған қандастарымызды «оралман» деп атауға қарсымын – Қ.Тоқаев

  • 233
  • UPD: 15:34, 02.04.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ірі қос басылымына сұхбат берді. Президент қағажу қалып жатқан құндылықтарды атап, қазақ тілінің қазіргі  хал-қадіріне тоқталды. Бұқараның базынасына бас бұрмайтын әкімдерді  сынға алды. Шеттегі қандастардың жәй-күйін де тілге тиек етті. Сонымен мемлекет басшысы не нәрсеге пұшай-ман? Президентті не қынжылтып отыр?

Түбі бір түркінің темірқазығы болған Түркістанның түлейтұғын кезі жетті. Республикалық басылымдарға сұхбат берген мемлекет басшысы алғашқы сапарын неліктен тап осы өңірден бастағанын тарқатып айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өркениет жауһары саналған аймақтың адымын алшаңдатуға осы күні аса мән беріліп отырғанын тілге тиек етті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен құрылған облыс – туристер көптеп топтасатын, тәу етушілер тобымен келетін орталыққа айналуы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ендігі жерде мемлекет Жібек жолы бойында жатқан Түркістан қаласын, өңірін жаңартып-жаңғыртуды уақыт оз¬дырмай қолға алуы керек. Өңірдегі инфра¬құрылымды дамыту, туристік саланы жандандыру, өндірісті өркендету - осының бәрі халқымыздың әл-ауқатының барынша жақсаруына негіз болады.  Оның үстіне, оңтүстік өңір - еліміздегі тұрғындар саны ең көп аймақ. Осы өңірді ұлтымыздың «демографиялық алтын діңгегі» десек те жарасады. Ал адам капиталы біз сияқты жері кең, елі шағын мемлекет үшін аса өзекті фактор екені айтпаса да түсінікті.  

Президент өз ұстанымдарын осы өңірге жасаған сапары кезінде жария қылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев елбасы салған сара жолмен жүруді, әділетті қоғам құруды және дамылсыз дамудан айнымауды мақсұт еткен. Мемлекет басшысы билік тізгінінің бейбіт жағдайда берілуі – өзге елдердің таңданысын туыдырғанын да жасырмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен, Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін. 

Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев бұқараның базынасына бас бұрмайтын әкім-қаралардың жұмысын сынға алған. Президент бүгінгі өңір басшылары тұрғындармен тілдесуден қалды, әкімдер алшақ жатқан аудандарға ат ізін мүлдем салмайды деп ашуланған. Кейін аймақ тізгінін ұстап отырғандарға әлеуметтік желілерде белсенді болуды тапсырып, халықпен кері байланыс орнатуды міндеттеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнін¬де халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын.  Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны - қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс.  Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей.

Мемлекет басшысы журналистерге берген сұхбатында қазақ тілінің тағдырына да тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақ отбасы өз перзенттерін ана тілінде тәрбиелесе – қоғамның құрдымға кетпейтінін айтты. Сондай-ақ елдегі бөбекжай мен мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге ұдайы көңіл бөлінеді деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақтың тілі - қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да - тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі - ең таза әрі бай тілдің бірі.  Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет. Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз.

Атамекенге аңсары ауған арғы беттегі ағайынның жағдайы да Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы қандастарымызды елге қайтару – қасиетті парымыз деді. Сондай-ақ «оралман» сөзін қолдануға түбегейлі қарсы екенін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру - біздің парызымыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзін пұшайман еткен жайттарға да тоқталды. Президент қазіргі уақытта даңғазалық пен ысырапшылдық белең алып жатқанына қынжылады. Кейінгі буын осы әдеттен арылса дейді. Хәкім Абай айтқан 5 асыл қасиетті қазіргі жастардың бойынан көргісі келетінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік, ұлттық ұстанымға адал, білімді, өткір, отаншыл жастарымыздың тұтас бір буыны қалыптасты. Біз соларға арқа сүйейміз. Олар Абай айтқан бес асыл іске берік - талапшыл, еңбекшіл, ойшыл, қанағатшыл, рақымшыл болса, онда біздің еліміздің болашағы жарқын, жұлдызы жоғары болмақ!

Ада болған асыл қасиеттерді жіпке тізген мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оны дәріптеуге алдағы уақытта күш салынатынын жеткізді. Сондай-ақ жұрттың жағдайын жақсартуға, ел экономикасын ілгерілету үшін шеттен иневстиция тарту мәселесіне басымдық берілетінін айтты. Бастысы, ұлт көшбасшысы көрсеткен бағдарға беттей береміз.     

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы