379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елбасы: Отанды сүю туған жерді ардақтаудан басталады

  • 183
  • UPD: 23:51, 02.04.2019

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі туып-өскен Шамалған ауылында болып, жерлестерімен жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткен кездесуге қисапсыз көп жұрт жиналды. Жерлестері Елбасын ыстық ықыласпен қарсы алып, ел егемендігін нығайту жолында атқарған қызметіне алғыстарын айтты.

«Ауыл – қазақтың темірқазығы. Отанды сүю туған жерді ардақтаудан басталады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бүгінгі кездесуді шамалғандықтар асыға күткендерін айтады. Ауыл жастары сүйікті Елбасын әнмен, бимен қарсы алды. 1958 жылы ата-анасының ақ батасын алған Нұрсұлтан Назарбаев шетке кетіп, білім алады. Кейін Қазақстанға оралып, елінің  дамуы үшін ерен еңбек етті. Сол жылдардың бәрінде балалық балдәурен кездегі әдемі сәттер жігер бергенін айтты Елбасы.   

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы:

- Ауылыңа келгенде көзіңе жас толады, жастық шағың есіңе түседі. Мемлекетімізді аяғына нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Шамалғанда әкеммен жүрген кезім есіме түскенде, шаршағаның, ренжігенің, барлығы кетеді.  

Тәуелсіз мемлекет атанған Қазақстан дүниежүзінің 200-ге жуық мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. Экономикалық-қарым қатынасты дамытты. Спорт, мәдениет саласында аты төрге озды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасын күллі әлем таниды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы:

- Сіздердің араларыңыздан, осы ұядан ұшып шығып 170 елді араладым, 200-ден астам президентпен кездестім. Соның бәрі елдің қамы. Қолымнан келгенше күндіз-түні жұмыс істедім, Қазақстанды дүниежүзіне белгілі ету үшін, аяғына тік тұрғызу үшін.

Қазір кәсіп ашам деген ауыл тұрғындары үшін шағын несиелер қарастырылған. Көп балалы отбасылар мен тұрмысы төмен жанұяларға көмек жасалып жатыр. Ең төменгі жалақының мөлшері көбейтілді. Бірақ мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетіме не бера аламын деген қағиданың жадымызда жүргені де жақсы. Кездесу барысында Елбасы тұрғындарға жуырда қабылдаған шешімінің мән-жайын да түсіндіріп өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы:

- Мен жақында шешім қабылдап, басқа жұмысқа ауысып, президенттікті бердім. Себебі әр ұрпақтың өз уақыты бар, істейтін жұмысы бар. Бірақ мен Елбасы ретінде биліктің ең жоғарғы сатысына келіп, одан ары не істеп жатқанын көріп, стратегиялық мәселелерге көңіл бөлу үшін осылай деп шештім. Менің орныма келген Тоқаев мырза – Қазақстанның белгілі азаматы. Менің үмітімді орындайды деп сенемін.

Шамалған ауылының алғашқы іргетасы ХХ ғасырдың басында қаланған. Сол уақытта тағдыр тәлкегіне түскен өзге ұлт өкілдері атажұртынан жер аударылып, Шамалғанға да келе бастайды. Солардың бірі – Шариповтар отбасы. Әбіш ақсақалдың үйіне көршілес қоныстанған Гүлахмет Шарипов қазақ халқының қамқорлығына дән риза екенін жеткізді. 

Гүлахмет Шарипов, Шамалған ауылының тұрғыны:

- Мұнда 1944 жылы келдік. Бір Ибрагим деген шал бар еді. Соның үйіне қондық. Жеті ағайынды болдық. Қазақ халқының көмегі болды, жасыратын ештеңе жоқ. Жақсы тұрдық. 

Үш қоңырдың баурайында орналасқан ауыл халқының саны  бүгінде 20 мың адамнан асып отыр. Елбасымен жүздесуге келген жастар білім гранттарының артып, студенттік жатақхана құрылысының қарқын алғанына ерекше қуанышты.  

Шәміл Ванкеев, студенттік ұйымның өкілі:

- Осы жылы біздің университетке 1700-ге жуық бірінші курс студенті түсті. Ол 1700-дің 1200-сі грантта оқиды. Олардың ішінде филологтар бар, ІТ-мамандары бар. Инженер мамандықтары оқып жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастарға үлкен үміт артатынын жеткізді. Өскелең ұрпақты білім көкжиегін бағындырып, туған жерінің дамуына аянбай еңбек етуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы:

- Болашақта Қазақстанның болашағы зор. Себебі, ең бірінші жастарға жағдай жасап келе жатырмыз. Оқу оқысын деп, тіл үйренсін деп. Өте сауатты азаматтар болып өссін деп. Болашақтың бәрі ғылымда, білімде жатыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Алматы облысы Қарасай ауданына барған сапарында бірге оқыған сыныптастарымен және бала кездегі достарымен кездесті. Әңгіме барысында үзеңгілестер өздерінің естеліктерімен бөлісіп, өңірдің қазіргі даму жағдайын талқылады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Еділ Ермекбаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы