379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде бір дәрігер 2000 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді

  • 164
  • UPD: 23:50, 02.04.2019

Елімізде әрбір емдеу мекемесіне қарасты учаскелердің саны 20-дан 10-ға дейін қысқарады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлердің жүктемесін азайту үшін жасалып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі хабарлады. Бұдан бөлек, жиында Елжан Біртанов алғашқы медициналық көмекті дамытудың алдағы екі жылға арналған іс-шаралар жоспарын баяндады.

Бүгінгі Үкімет отырысы денсаулық сақтау және ветеринария мәселелеріне арналды. Мінберге өзгелерден бұрын шыққан Елжан Біртанов дәрігерлердің көкейінде жүрген бірқатар сұрақты қозғады. Нақтырақ айтсақ, 1 маусымнан бастап жалақысы төмен медициналық қызметкерлердің айлығы 30 процентке өседі. Сондай-ақ аумақтық мамандардың айлық табысын 20 процентке ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау министрі жүктемені азайту жайын да сөз етті.

Еске салайық, қазір бір дәрігерге 2000 мыңға жуық тұрғын тиесілі. Ал бұл мемлекеттік нормадан 200 есе жоғары.      

Елжан Біртанов, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- 1 дәрігердің жүктемесі 1989 тіркелген адамды құрады. Жалпы, практика дәрігері жүктемесінің ең жоғары көрсеткіші Қостанай, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқалады. Осылайша, жүктеменің жоспарланған деңгейіне жету үшін алғашқы медициналық көмек ұйымдарына қосымша 1157 дәрігер қажет.

Министр өз сөзінде кадр мәселесін шешу үшін өңірлерде, әсіресе, елді мекендерде жас мамандарды әлеуметтік қолдаудың маңызын атап өтті. Тіпті бұл сұрақта салғырттық танытып отырған бірнеше аймақты атады. Олар – Қостанай, Жамбыл және Алматы облыстары. Жалпы, өңірлердегі медициналық инфрақұрылымның дамуына Премьер-Министр Асқар Мамин де баса назар аударды.   

Денсаулық сақтаудан кейін кезек ветеринарияға келді. Сала жетекшісі Сапархан Омаров эпизоотиялық және фитосанитарлық жағдайға тоқталды.

Оның айтуынша, еліміздегі бруцеллёзге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды. Енді ветеринарлық зерттеу оң нәтиже берген жануарға ғана емес, бүкіл табынға жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстан сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 бақылау бекетін орнатып жатыр.

Министрдің баяндамасынан соң Асқар Мамин ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды одан әрі жалғастыруды тапсырды.

Бұл салада шешімін таппаған мәселе әлі де жеткілікті. Мәселен, елдегі 1585 ветстанция мен ветпункттің өз ғимараты жоқ. Олар жергілікті әкімдіктер не болмаса өзге де мекемелермен бірге орналасқан. Ал 431 ветеринариялық нысанға күрделі жөндеу қажет. 

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы