377.33 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Польшаның Вроцлав қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

  • 94
  • UPD: 23:44, 05.04.2019

Еліміздің шетелдегі жаңа өкілдігіне жүктелген басты міндет қандай?

Қазақстанның жаңа өкілдігі қаланың қақ ортасында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Ал құрметті консулымыз – профессор, ғылым докторы әрі «ақылды үйлер» салуға маманданған ірі кәсіпкер. Ежи Бар осы қызметінде қазақстандық экспортты ілгерілету, елімізге инвестиция тарту және аймақаралық ынтымақтастықты дамытумен айналысады.  

Ежи Бар, Қазақстанның Вроцлав қаласындағы құрметті консулы:

- Біз белсенді түрде үш міндетті атқарамыз. Олар: туризм, ғылым және ауыл шаруашылығын дамыту. Польшада өтетін ірі туристік көрмелерге қазақстандық компанияларды қатыстырғымыз келеді. Сондай-ақ студенттер және оқытушылармен алмасуға ниеттіміз. Ауылшаруашылық саласында қазақстандық өнімдердің экспортын дамытып, шағын және орта бизнес саласында ынтымақтастық орнатуды көздеп отырмыз.

Құрметті консулдықты ашу салтанатына Польша депутаттары, сыртқы істер министрлігінің өкілдері, кәсіпкерлер мен Еуропа және Азия елдерінің дипломаттары қатысты. Шара барысында күй атасы Құрманғазы мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, концерттік бағдарламаны «Іңкәрім» ансамблінің бишілері жалғастырды.

Марғұлан Баймұхан Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Елбасы мен Президентіміз Сыртқы істер министрлігіне жаңа мақсаттар қойған – бұл сыртқы саясатымызға экономикалық сипат беру. Инвестиция тарту тұрғысынан Қазақстан мен Польша арасында ынтымақтастықты дамытуда құрметті консулдардың рөлі орасан зор. Дәлел ретінде, Гданьск қаласындағы құрметті консулымызды атағым келеді. Ол –Қазақстанның фармацевтика саласындағы ең ірі инвесторлардың бірі. Краков қаласындағы екінші құрметті консулымыз ұзақ жылдар бойы ірі химиялық концерннің басқарма төрағасы болды. Қазір ол қазақстандық сары фосфорды Еуропа нарығына экспорттауға өзіндік үлес қосып жүр. 

Бұл – Польшадағы Қазақстанның үшінші құрметті консулдығы. Бұл орталық екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнауының 27 жылдығы қарсаңында ашылған. Ал Польша экономикасы бойынша Еуропада алтыншы орында тұр, ал Қазақстан – Орталық Азиядағы жетекші ел. Қос мемлекет те сауда-экономикалық байланысын нығайтып, тауар айналымын арттыруды көздейді.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы