376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничийді қабылдады

  • 103
  • UPD: 17:44, 11.04.2019

Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, әсіресе, білім беру ісіндегі өзекті мәселелер бүгін Ақордада талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университінің ректоры Виктор Садовничий мен Халықаралық ынтымақтастық және ашық дипломатия жөніндегі Ресей қоғамдық кеңесінің төрағасы Сергей Орджоникидзені қабылдады. Олар елордада өтетін ауқымды конференцияға қатысу үшін арнайы келген. Кездесуде көрші елдер арасындағы байланыстың достық әрі одақтастық сипатта өрбіп келе жатқаны ерекше атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен сіздердің Тұңғыш Президент - Елбасы қорының бастамасымен өтетін халықаралық конференцияға қатысуға Нұр-Сұлтан қаласына келгендеріңіз үшін қуаныштымын. Бұл шара - Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің 5 жылдығы қарсаңында аса маңызды. 29 мамыр күні мұнда саммит өтеді. Жақында Ресейге ресми сапармен барып, президенттеріңіз Владимир Путинмен кездескенімді білесіздер. Келіссөзіміз нәтижелі болды. Бірлескен мәлімдеме жасадық. Ведомстволар арасында құжаттар да бекітілді. Сапар Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының одан әрі дамуына серпін берді. Виктор Антонович сіз Қазақстанда белгілі тұлғасыз. 2000 жылдардың басында өзіңіздің бастамасымен елордамызда Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылды. Қазір ол нәтижелі жұмыс істеп келеді. Бұған біз разымыз. Мәскеуде болған кезімде президенттеріңізге 30 мыңға жуық студентіміздің Ресейде тегін білім алып жатқаны үшін алғыс білдірдім. Бұл өте пайдалы әрі маңызды іс дер едім. Себебі, өрендеріміз Мәскеуде оқи жүріп, екі ел арасында өзіндік көпір қалыптастырады.

Виктор Садовничий, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры:

- Сізбен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстанға қашанда ыстық ықыласпен қараймын. Университетіміз Қазақстанның сапалы кадр даярлауына өз үлесін қосып келе жатқаны үшін қуаныштымын. Қазіргідей жаңғыру кезеңінде оған қажеттілік зор екенін білемін.

Хабар 24 телеарнасы