379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі

  • 160
  • UPD: 11:54, 12.04.2019
Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысының жұртшылық өкілдерімен кездесуі басталды.

ҚР Президенті кездесу барысында «Мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығы – елімізді өркендетудің басты кепілі. Онсыз тұрақтылық та, даму да болмайды, Ұлы дала демократиясынан бастау алатын әділеттілік принципі қатаң сақталуы тиіс. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтумен тең, дана халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ біз үшін одан басқа жол жоқ. Әділеттілік – ауқымы кең ұғым. Бұл құндылық, ең алдымен, мемлекеттік саясатта басшылыққа алынуы қажет. Жаһандық бәсеке күшейген заманда алыстағыны алатын алғырлық, қиядағыны шалатын қырағылық керек. Сондықтан Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде енжарлыққа жол бермеуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ «Жемқорлық, бұл – батпандап кіретін, мысқалдап шығатын дерт. Осындай дертке қарсы мықты дәрі қолданбасақ, одан арылу мүмкін емес. Сондықтан біз тиісті іс-шараларды одан әрі жүзе асыра береміз», – деді.

«Мен жас ұрпақты қолдау болашақты қорғау деп білемін. Биыл «Жастар – ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жастар жылында науқаншылдыққа, көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Баршаңыз жақсы білесіздер, қазір елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жаңғыруды, ең алдымен, ана тілімізден бастауымыз керек! Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады», – деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Президент «Біздің кейбір әкімдеріміз бен министрлеріміз бюджетке «таусылмайтын қоржын» ретінде қарайды. Бізде тиімсіз шығындар көп. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі. Ол халықты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға үлес қосады. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсету қажет», – деді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен жүр.

Хабар 24 телеарнасы