379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қасым-Жомарт Тоқаев: Менің суретімді қала көшелеріне орнатудың керегі жоқ

  • 228
  • UPD: 14:17, 12.04.2019

«Менің суретім бейнеленген көрнекі құралдарды қала көшелеріне орнатудың керегі жоқ. Мұндай насихатқа жұмсалған қаражатты керісінше әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау қажет».

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өлкесінің жұртшылығымен жүздесуде осылай деп мәлімдеді. Еске сала кетейік, Президент өңірлерге сапарын Түркістаннан бастап, 362 әулие мекені аталып кеткен аймақта жалғастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Жаңаөзен жастарын жұмыспен қамту мәселелесіне баса мән берді. Моноқаланы одан әрі дамыту үшін нақты шараларды қолға алуды міндеттеді. Мәселен, бұдан былай жаңаөзендіктер елдің кез келген өңірінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болып, кен орындарына вахталық негізде жұмысқа қабылданады. Әрі Ақтау қаласында баспанамен қамтылады. Бұдан бөлек, облыс орталығының транзиттік мүмкіндігі артып, Каспий теңізі арқылы тауар тасымалдау жолдары дамытылады. Бұл тұрғыда тариф мәселесі түбегейлі шешімін табады. Өңір кәсіпкерлері жергілікті компаниялардың сатып алу шараларына кедергісіз қатысуы да – межелі міндет. Президент тапсырмасы бойынша бұл іс жіті бақылауға алынып, өңдеу өнеркәсібі өркендейді. Айта кетейік, биыл Маңғыстау өңірінің тумасы, ақын, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туғанына – 80 жыл. Біртуар тұлғаның есімін ардақтау да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.

Сондай-ақ жиында тұтас ел үшін маңызды мәселелер көтерілді. Президент Ұлттық банкке несиелендіру шаруасын ширату, атап айтқанда пайыздық мөлшерлемені төмендетуді тапсырды. Ал әкімдерге инвестиция тарту үшін жеке жауапкершілік жүктеді. Бұған қоса, жалпыұлттық декларация 2025 жылы басталатынын жеткізді. Сонымен қатар қазақ тілі мемлекеттік басқару тіліне айналу қажеттігін ерекше атап өтіп, шетелдегі қандастарымызды тарихи Отанына қайтару ісі алдағы уақытта қарқынды түрде жүзеге асатынын айтты.

Хабар 24 телеарнасы