376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапарын халықаралық БАҚ сарапқа салды

  • 139
  • UPD: 21:13, 17.04.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында. 

«Қазақстан мен Өзбекстанның серіктестігі Орталық Азияға қажетті ынтымақтастық». Тәулік бойы жаңалық тарататын «Спутник» ақпарттық порталы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің кездесуіне осындай баға берді. Жарияланған материалда сарапшы Қазақстан Президенті алғашқы мемлекеттік сапарын не үшін Өзбекстаннан бастағандығы жөнінде пікір білдірген. 

Андрей Казанцев, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты, сараптама орталығының директоры:

«Шавкат Мирзиёев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жақсы қарым-қатынаста болған. Қасым-Жомарт Тоқаев сол үдерісті әрі қарай жалғастырғысы келеді. Мирзёевпен жылы, достық, серіктестік қатынас орнатуды көздеп отыр».

Ресейлік «Независимая» басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары өңірлік серіктесті дамытуда маңызды рөл атқаратынын тағы да дәлелдегенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, соңғы екі жылда Нұр-Сұлтан мен Ташкент арасындағы қарым-қатынас беки түскен.

«Бұл Қазақстан Президентінің Өзбекстанға жауап ретіндегі сапары. Себебі өткен жылы өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиёев Нұр-Сұлтан қаласына барған еді. Келіссөздер нәтижесі бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялаған болатын. Ал биылғы жыл Өзбекстандағы Қазақстан жылы етіп бекітілді. Оны ашу салтанаты қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұйырды».

Ал Түркияың «ТРТ Аваз» арнасы мемлекет басшыларының кездесу қорытындысына ерекше тоқталып, сараптама жасаған.

«Кездесудің басты тақырыбы екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту болды. Сондай-ақ трансшекаралық серіктестікке аса мән беріліп отыр. Екі елдің үкіметі алға мықтап мақсат қойды. Яғни, 2020 жылға қарай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауарайналымы көлемін 3 млрд доллардан 5 млрд долларға дейін арттыру көзделген».

Осылайша көршілес елдердің байланысы шетелдік басылымдардың басты тақырыбына айналды. Өзге де халықаралық медиапорталдар Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының кездесуін жоғары бағалап, екі ел ынтымақтастығы алдағы уақытта нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

Хабар 24 телеарнасы