384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» форумына Нұрсұлтан Назарбаев қатысады

  • 531
  • UPD: 21:55, 25.04.2019

Ертең Қытай астанасы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» екінші экономикалық ынтымақтастық форумы басталады.

Жоғары дәрежелі саммитке 160 мемлекеттің ресми делегациясы қатысады. Оның ішінде 40 елдің президенті мен үкімет басшылары да бар. Қазақстандық делегацияны еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастап бармақ. Ауқымды жиынды Қытай билігі жылдың ең маңызды шарасына балап отыр. Әлемдік қауымдастық та оған айрықша көз тіккен. Сондықтан форумды ақпараттандыруға 4 мыңнан астам журналист аттанды.

Ежелден-ақ мыңдаған шақырым қорған тұрғызып, жерін қорғаған еңбекқор қытайдың бір  басымдығы саудада жатыр. Сыртқы жаудан қорғанумен қатар миллиондаған халқын жоқтан бар жасауға бейімдеді емес пе?!  Ұлы Жібек жолы дәл осы аймақтан бастау алды. Сауда жолы мына бүгін біз көріп отырған Қытайды Қытай етті.

Бейжіңге бұл күндері жер жаһанның әр қиырынан делегация өкілдері келіп жатыр. Олардың санында шек жоқ. Қытай астанасында қонақтарға көрсетіліп жатқан құрмет ерекше. Әйтпегенде ше! Күн сайын мұнда әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен ең жоғары дәрежелі меймандар келе бермейді.

Солардың бірі – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасыға осыдан 1 ай бұрын Қытай Халық Республикасының Төрағасы арнайы шақырту жіберген. Ал «Бір белдеу, бір жол» экономикалық әріптестігі – тұтас Еуразия құрлығын қамтитын жоба. Шығыстан Батысқа дейінгі аралықта қажетті инфрақұрылым қалыптастыратын, былайша айтқанда, Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды көздейтін бастама. Тарихына үңілсек, әуелгіде ол қазақ жерінде көтерілген екен. Си Цзиньпинь 2013 жылы Қазақстан елордасына мемлекеттік сапармен барған кезінде «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты идеясын ұсынып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан оны жүзеге асыруға бірден-бір үлес қосуды сұраған еді. Осыдан кейін еліміздің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен қытайлық бастаманы өзара үйлестіру ісі жүргізілді. Нәтижесінде «Бір белдеу, бір жол» экономикалық әріптестігі пайда болды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – Қытай билігінің ең құрметті қонақтарының бірі. Еліміздің Тұңғыш Президентіне осыдан 1 ай бұрын Си Цзиньпин осы форумға арнайы шақырту жіберген. Бейжіңге келген мемлекет басшыларын Қытай халық республикасының төрағасы өз резиденциясында қарсы алып, екіжақты кездесулер өткізуде. Мәртебелі меймандар қатарында Біріккен Ұлттар ұйымы мен Халықаралық валюта қорының жетекшілері де бар.

Чжан Сяо, Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

- Қытай-Қазақстан-Еуропа – тауар тасымалдау үшін заманауи, тиімді әрі қауіпсіз бағыт. 2011 жылы осы аралықпен 1000 контейнер жеткізілсе, 2017 жылы олардың саны 200 мыңға жетті. Ал былтыр көрсеткіш тағы 61 процентке өсті. Сөйтіп жалпы саны 286 мыңға жетті. Сондықтан бұл бастама Қазақстанның Еуразиядағы рөлін күшейтіп, маңызын арттырып отыр.

Ұлы Жібек жолының бойында жүздеген мемлекет жатыр. «Бір белдеу, бір жол» құрылысына солар түгелдей қатысуда. Тіпті Африка, Латын Америка және Тынық мұхитының оңтүстік жағалауындағы елдер де инфрақұрылымдарын жаңғыртып, сауда керуендеріне жол ашуға кірісті.

 

Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы контейнерлік тасымалдан ел қазынасына түсетін пайданы 5 миллиард АҚШ долларына жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Содан бері көрсеткіш 3 миллиардқа жуықтап қалды. Елбасы осыдан 2 жыл бұрын өткен алғашқы форум кезінде де тиісті ұсыныстарын айтып, Қазақстанды транзиттік хабқа айналдыру жолында біраз бастама көтерді. Бір парасы Жібек жолы бойындағы қызмет көрсету деңгейін арттыру, әкімшілік кедергілерді жою және осы секілді нақты жобаларға Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкін тартуға бағытталды.

Лу Хуацинь, ҚХР халықаралық сауда-экономикалық әріптестігін зерттеу орталығының сарапшысы:

– Нұрсұлтан Назарбаевты біз көреген көшбасшы ретінде мойындаймыз. Ол өз еліне пайдалы әрі тиімді бағытты таңдай білді. 

Чжан Нин, Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Ресей жөніндегі зерттеу орталығының сарапшысы /Қытай/:

- Әлем елдеріндегі инфрақұрылым желілерін бір-біріне қоссақ, әріптестік арта түседі. Бұл кез келген тарапқа тиімді болады. Біз ешқашан өзіміздің саясатымызды жүргізіп, ережелерімізді қабылдауға шақырмаймыз. Тек осы әріптестік екі жаққа да пайдалы болса, бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамыз.

Бейжіңге бұл күндері жер жаһанның әр қиырынан делегация өкілдері келіп жатыр. Олардың санында шек жоқ. Қытай астанасында қонақтарға көрсетіліп жатқан құрмет ерекше. Әйтпегенде ше! Күн сайын мұнда әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен ең жоғары дәрежелі меймандар келе бермейді. 

Форум қарсаңында көзге түскен тағы бір жайт – Қытай халқына тән қатаң тәртіп. Келген қонақтардың қауіпсіздігі үшін бірқатар шаралардың қолға алынғаны көрініп тұр. Мәселен, форумға шақырылатын делегаттардың қай-қайсысы да тыңғылықты тексерістен өтеді. Ал жергілікті БАҚ тарапынан аңғарылғаны, «Бір белдеу, бір жол» әріптестігін ілгерілетуге зор мән беріледі. Қытай билігінің үндеуінде бұл бастама әлемдік қауымдастықты бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыру амалы ретінде пайдаланылып отыр. Бейжіңге келген мемлекет басшыларын Қытай Халық Республикасының Төрағасы өз резиденциясында қарсы алып, екіжақты кездесулер де өткізуде. Ал сауда жолы бойындағы елдердің кәсіпкерлері өзара пікір алмасып, әріптестікті арттыруға уағдаласып жатыр. Олар үшін арнайы конференция ұйымдастырылған.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Айдос Серікболұлы

Хабар 24 телеарнасы