379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Конституциялық кеңес Қ.Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады

  • 272
  • UPD: 20:08, 25.04.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі күн бұрын Конституциялық кеңеске жүгініп, Ата Заңның 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіріп беру туралы өтініш түсірген болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы президенттікке үміткердің соңғы 15 жылда Қазақстанда тұруы туралы талаптың мазмұнын ашуды сұраған. Конституциялық кеңес президенттің бұл өтінішін қарап, бүгін шешім қабылдады.

Алдымен Ата заңның 41-бабының 2-тармағына көз жүгіртсек. Онда былай делінген:

Қазақстан Республикасының президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

Міне, осыдан екі күн бұрын, яғни 23 сәуір күні Қазақстан президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев осы тармақты түсіндіріп беру үшін Конституциялық кеңеске жүгінген болатын. Конституциялық кеңес Президенттің өтінішіне он күн ішінде жауап беруі тиіс болатын. Алайда олар арада екі күн өткенде шешім қабылдап, оны ресми жариялады.

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы:

– Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі қаулы етеді. Бірінші Қазақстан Конституциясының 41-бабының екінші тармағының нормасындағы ҚР президенті болып, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады деген сөздерді, Республика президентіне кандидат ретінде ҚР аумағында соңғы 15 жыл бойы тұрақты тұратын азамат тіркелуі мүмкін деп түсінуі керек. Екіншіден, белгіленген 15 жылдың мерзімге ҚР дипломатиялық қызметінің персоналының және оларға теңестірілген Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанындағы мәртебелі лауазымдарға тағайындалған, сайланған азаматтардың республикадан тыс жерлерде тұру кезеңдері де қосылуы мүмкін.

Осылайша Конституциялық кеңес президенттіке үміткердің ел ішіндегі жағдаймен етене жақын болғанын маңызды деп санайды. Яғни президенттікке үміткер осы мерзім ішінде елде болғанын тұрғылықты жері бойынша тіркелуімен растауы тиіс.

Үнзила Шапақ, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі:

– Неге 15 жыл бойы Қазақстан аумағында тұруы керек? Себебі жоғары лауазымда отыратын адам еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайын егжей-тегжей түсіне білуі керек. Бұл әрі қарай қоғамымыздың, мемлекетіміздің даму стратегиясын және тактикалық бағдарламасының бағытын анықтау үшін өте қажет болып табылады.

Дегенмен дипломатиялық қызметте жүргендерге немесе Қазақстан мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар жанында лауазымға тағайындалған қазақстандықтарға бұл талап қойылмайды. Тек оның өзге елге тұрғылықты түрде шыққаны, басқа мемлекеттің азаматтығын, саяси немесе өзге де баспана алғандығы туралы мәліметтер болмаса болғаны.

Ермек Абдрасулов, судьялар мен сот қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры:

– Дипломатиялық қызметкерлердің өзге елге келу мерзімі Қазақстанда тұрды деп есептеледі. Себебі Көші-қон туралы заңда Республикадан уақытша шығу және тұрақты мекенжайды ауыстыру деген түсініктер бар. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы мен Ішкі істер министрлігі әрбір үміткердің Қазақстанда тұруы, тіркелуі секілді жайттерді қатаң бақылауы тиіс.

Мұндай талаптар кқптеген елдің Ата заңында белгіленген. Көрші Ресейде бұл мерзім 10 жыл деп көрсетілгенмен, уақыт аралығы нақтыланбаған. Ал Украинада сайлауға дейінгі 10 жыл деп көрсетілсе, АҚШ-та 14 жыл деп жалпылай көрсетілгенмен, президенттіке кандидат соның басым бөлігін ел ішінде өткізуі керек деп жазылған.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Сұлтан Қалдыбеков

Хабар 24 телеарнасы